Маскше эстетика: X желісі талғамсыз жарнамаға тыйым салмақ
Илон Маск X әлеуметтік желісіндегі жарнама талаптарын қатаңдатпақ.
Не өзгереді?
Енді желідегі жарнама мазмұны ғана емес, сыртқы көрінісі де белгілі бір талапқа сай болуы керек. Ережені бұзған жарнама берушілерге жарнама жариялауға тыйым салынуы мүмкін.
«Бұдан былай X желісіндегі барлық жарнама орынды эстетикалық талаптарға сай болуы керек. Көріксіз, көзге ұрып тұратын, мазаны алатын жарнама жариялаған немесе өнімінің қасиетін асыра көрсеткен жарнама берушілерге жарнама орналастыруға тыйым салынады», – деп жазды Маск өз парақшасында.
Алайда ол жарнаманың көріктілігін кім және қандай өлшемдер бойынша бағалайтынын, жаңа талаптардың қашан күшіне енетінін нақтыламады.
Жарнамаға қандай талаптар қойылады?
X желісінде жарнаманы безендіруге, мәтініне, суреттер мен бейнежазбаларға, сондай-ақ жарнама сілтеме жасайтын сайттарға қатысты талаптар бар.
Мәселен, жарнама мәтінінде хештегтер мен интернет-мекенжайларды қолдануға болмайды. Әдетте бір ғана эмодзиге рұқсат етіледі. Сондай-ақ бас әріптерді, түрлі таңбалар мен тыныс белгілерін шамадан тыс қолдануға шектеу қойылған.
Көзді шағылыстыратын жыпылықтау, күрт визуалды әсерлер мен қатты дыбыстарға тыйым салынған. Жарнама сілтеме жасайтын сайт та дұрыс жұмыс істеп, тұтынушыны мазалайтын қалқымалы терезелерді ашпауы керек. Бұған қоса, жалған мәліметке негізделген, тұтынушыны жаңылыстыратын және сатып алудың маңызды шарттарын жасыратын жарнамаға да рұқсат жоқ.
«Көріксіз» жарнаманы кім анықтайды?
Қазір X жарнамаларды жарияламас бұрын тексереді. Ереже бұзылса, аккаунттың мүмкіндіктері шектелуі немесе жарнама жүйесінен ажыратылуы ықтимал. Алайда қолданыстағы ережелерде «көріксіз жарнама» ұғымының нақты анықтамасы және жаңа талаптарды бұзғаны үшін қолданылатын жазалау тәртібі әзірге жоқ.
Мәселен, ашық түстер, тосын бейнелер немесе әдейі ретсіз безендіру брендтің өзіндік стилі болуы мүмкін. Бірақ мұндай жарнаманы біреу көріксіз не тітіркендіргіш деп бағалауы ықтимал. X әзірге жарнаманы бағалау өлшемдерін де, тыйым салынуы мүмкін жарнамалардың нақты мысалдарын да жариялаған жоқ.
09:41
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.