Марко Рубио «цифрлық ақырзаман» жайлы мәлімдеме жасады
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ел арасында тараған жаппай дүрбелеңді басуға шақырды.
Алаңдауға негіз бар ма?
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио соңғы күндері технологиялық жүйелерде болған ірі ақаулардың өзара байланысы бар деген қауесетті жоққа шығарды.
Рубио америкалықтардың әуе рейстерінің жаппай тоқтауы, банктердің жұмысы мен Apple және Microsoft қызметтеріндегі іркілістер бір-бірімен байланысты болуы немесе мұның астарында әлдебір қастандық тұруы мүмкін деп алаңдайтынын мойындады.
«Бізге жүйелі түрде шабуыл жасалып жатқан жоқ. Бұл оқиғалардың бір-біріне қатысы жоқ», – деді ол.
Өткен аптада Microsoft жүйесіндегі ақау салдарынан АҚШ-тағы барлық әуе рейсі бірнеше сағатқа тоқтап, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі, бірқатар банк пен Apple қызметтерінде де іркіліс болған. Алайда аталған ұйымдар мен компаниялар мұның кибершабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Журналистер Рубиодан мұндай жағдайлар халықты дүрліктіріп, азық-түлік пен су қорын жаппай жинауға немесе банктерден ақшаны жаппай шешіп алуға түрткі болуы мүмкін бе деп сұрады. Мемлекеттік хатшы жұртты сабырға шақырудың ең тиімді жолы – билікке белгілі нақты ақпаратты ашық айту екенін атап өтті.
«Біздегі барлық дерек әр оқиғаның өзіндік себебі бар екенін көрсетеді. Олардың ешқайсысы киберқылмыскерлерге, дұшпан күштерге немесе басқа мемлекетке қатысы жоқ», – деді Рубио.
Технологиялық жүйелердегі ақаулар
12 қарашадан бері технологиялық жүйелерде бірінен соң бірі ақаулар тіркелген. Microsoft қызметтеріндегі іркіліс электронды поштаны қоса алғанда, бірқатар сервистің жұмысына кедергі келтірді. Келесі күні АҚШ Федералдық авиация басқармасы ел аумағындағы әуе қатынасын төрт сағаттан астам уақытқа тоқтатты.16 қарашада United Airlines жүйесіндегі ақаудан шамамен 150 рейс кешіксе, JPMorgan Chase банкінің бағдарламалық жасақтамасындағы іркіліс кейбір банк қызметтерінің жұмысына әсер етті.
17 қарашада Apple пайдаланушылары iCloud пен Apple Pay қызметтерін қолдануда қиындықтарға тап болды. Компания бұған кибершабуыл емес, жүйені ішкі жаңарту кезінде кеткен ақау себеп болғанын түсіндірді. Сол күні АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің құпия ішкі байланыс желісі де уақытша істен шықты.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде 17 қарашада әлемге ауқымды кибершабуыл жасалып, интернет үш айға өшіріледі деген қауесет тараған. Жұртты қолма-қол ақша шешіп алуға, азық-түлік пен су жинауға шақырған жазбалар да жарияланған.
10:08
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.