Мачадо 10 айдан соң Венесуэлаға оралды

Венесуэла оппозициясының жетекшісі, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Мария Корина Мачадо елден кеткеніне 10 айға жуық уақыт өткен соң отанына оралды.


26/10/2026
09:32 0

Ол 2025 жылғы желтоқсанда Ослодағы марапаттау рәсіміне қатысу үшін елден шығып, содан бері саяси қызметінің басым бөлігін АҚШ пен Панамада жүргізген.

 

Мачадо жексенбі күні әлеуметтік желіде небәрі төрт сөзбен оралғанын хабарлады: «Мен осындамын, сіздермен біргемін».

 

Соңғы үш айда саясаткер елге жету үшін кемінде жеті рет әрекеттенген. АҚШ, Панама және Кюрасаодан әуе, теңіз және құрлық жолымен оралуға тырысқанымен, сапарлары қайта-қайта сәтсіз аяқталған. Рейстер соңғы сәтте тоқтатылып, жолға шығуға түрлі кедергілер туған.

 

Мачадоның оралуы жеке шешіммен ғана шектелмейді. Ол бірнеше ай бойы Венесуэланың саяси өміріне қайта араласуға ұмтылып келеді. Осы аптада саясаткер халықты белсенділікке шақырып, президент сайлауының күнін белгілеуді талап етті. Бұл – Делси Родригес үкіметіне қойған негізгі талаптарының бірі.

 

Мачадоның елге оралуы Вашингтон үшін де күрделі мәселені қайта күн тәртібіне шығарды. АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Венесуэланың саяси болашағына қатысты келіссөздер жүргізіп жатқан тұста, Мачадоның дәл қазір елге оралуына Вашингтонның мүдделі болмағаны туралы болжамдар тараған.

 

5 қазанда Трамптан саясаткердің оралуы туралы сұрағанда, ол «бәрі жақсы болады» деп жауап беріп, Мачадоны «керемет әйел» деп атаған. Алайда АҚШ үкіметінің оның елге оралуына көмектесуге дайын-дайын еместігін нақтыламады.

 

Ал Делси Родригес әзірге үнсіз. Ол өзінің басты саяси қарсыласының оралуына әзірге жария түрде пікір білдірмеді.

 

Енді саясаткер Венесуэлаға оралған соң, басты мәселе оның елге қалай жеткенінде емес, саяси үдерістерге қаншалықты ықпал ете алатынында болып отыр. Елдің болашағы чавистер, оппозицияның түрлі топтары мен АҚШ арасындағы келіссөздер аясында айқындалмақ.

Поделиться

Нет комментариев.

26/10/2026 09:32
0

Уведомление