Ұлыбритания көші-қон талаптарын қатаңдатады: қазақстандықтар үшін не өзгереді
Мемлекет шетел азаматтарына тұрақты тұру құқығын беру тәртібін өзгертпек.
Reuters агенттігінің жазуынша, бұдан былай шетел азаматтары үшін Ұлыбританияда тұрақты тұру құқығын алу үшін күту мерзімі бес жылдан он жылға дейін ұзартылмақ. Жаңа талаптарды 2027 жылы енгізу жоспарланып отыр. Бұл осы елде тұратын, жұмыс істейтін қазақстандықтарға да әсер етуі мүмкін.
Әңгіме indefinite leave to remain деп аталатын мерзімсіз тұруға рұқсат туралы болып отыр. Бұл мәртебе шетел азаматтарына Ұлыбританияда тұрақты тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Дегенмен, жаңа тәртіптің кейбір санаттарға қатысы болмайды. Атап айтқанда, күтім саласында (care workers) жұмыс істейтіндер үшін күту мерзімі ұзартылмайды. Сондай-ақ жылдық табысы кемінде 50 271 фунт стерлинг болатын мигранттар мен мемлекеттік қызметтің бірқатар білікті маманы бес жылдан кейін тұрақты тұру құқығын ала алады.
Ал жылына 125 мың фунт стерлингтен (шамамен 76,2 млн теңге) астам табыс табатындардың күту мерзімі үш жылға дейін қысқаруы мүмкін.
Бұған дейін Ұлыбритания билігі кейбір жұмысшылар үшін тұрақты тұру құқығын алу мерзімін 15 жылға дейін ұзартуды ұсынған. Алайда кәсіподақтар мен биліктегі Лейбористік партия өкілдерінің сынынан кейін үкімет бірқатар талапты жұмсартқан.
«Елге көбірек үлес қосатындар тұрақты тұру құқығын ертерек алады», – деді Ұлыбританияның ішкі істер министрі Шабана Махмуд.
Reuters мәліметінше, жаңа талаптар Ұлыбританияда қазірдің өзінде тұрып жатқан, бірақ әлі тұрақты тұру құқығын алмаған мигранттарға да қолданылады. Ал мұндай мәртебені бұған дейін иеленгендерге өзгерістер әсер етпейді.
09:25
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.