«Лувр әсері»: Еуропада мұражайларды тонау белең алды
Әсіресе, қауіпсіздік жүйесін күшейтуге қаржысы жетпейтін шағын мұражайлар осал болып отыр.
Reuters агенттігінің жазуынша, Еуропада мұражайлардан құнды өнер туындылары мен тарихи жәдігерлерді ұрлау оқиғалары көбейген. Былтыр Париждегі Лувр мұражайының тоналуынан кейін Франция, Италия және Испанияда да ірі ұрлықтар тіркелді. Әсіресе қауіпсіздік жүйесін күшейтуге қаржысы жетпейтін шағын мұражайлар осал болып отыр.
9 миллион еуроның картинасы 3 минутта ұрланды
Биыл наурызда Италияның Парма қаласы маңындағы Магнани Рокка мұражайына екі ұры терезені бұзып кіріп, Поль Сезанн, Огюст Ренуар және Анри Матисстің үш картинасын алып кеткен. Құны 9 миллион еуроға бағаланған туындыларды ұрлауға оларға небәрі үш минут қажет болған.
Мәдени мұраға қарсы қылмыстарды зерттейтін маман Марк Бальсельс Еуропадағы жағдайды «Лувр әсері» деп атаған. Оның пікірінше, әйгілі мұражайдың өзін тонау қылмыскерлердің шағын мекемелерге де оңай қол жеткізе алатынын көрсетті.
Еуропадағы мұражайлар алаңдаулы
Луврдағы оқиғадан кейін Италия, Франция және Испанияда бірнеше ұрлық тіркелді. Италияның Сицилия аралындағы мұражайдан Антонелло да Мессинаның төрт туындысы, Францияның Кан-сюр-Мер қаласындағы Ренуар мұражайынан екі картина жоғалған. Испанияда жүздеген көне алтын монета мен қола дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер ұрланған.
Europol дерегінше, қылмыскерлердің назары әсіресе алтынға, асыл тастарға және нарықта жоғары бағаланатын тарихи бұйымдарға ауған. Италияда мұражайлар мен көркемөнер галереяларындағы ұрлық саны 2024 жылғы 14 оқиғадан 2025 жылы 17-ге өскен.
Мамандар негізгі себептердің бірі ретінде мұражайлардың қауіпсіздікке қаржы бөле алмауын атайды. Францияның Мәдениет министрлігі жүргізген зерттеу бойынша, мәдениет мекемелерінің тек төрттен бірінде төтенше жағдайға арналған арнайы жоспар бар. Ал жартысына жуығы бейнебақылау жүйесімен жабдықталмаған.
Қауіпсіздікке 30 миллион еуро бөлінеді
Луврдағы оқиғадан кейін Франция мұражайлардың қауіпсіздігін күшейтуге арналған 33 тармақтан тұратын жоспар қабылдады. Алдағы үш жылда осы мақсатқа жергілікті мұражайларға 30 миллион еуро бөлу көзделген.
Италиядағы бірқатар музей де бейнебақылау жүйесін жаңартып, келушілердің сөмкелері мен сырт киімдерін тексеруді күшейткен. Сонымен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Алайда мамандар мұражайларды келушілер үшін тым жабық орынға айналдыруға болмайтынын ескертеді. Негізгі міндет – тарихи жәдігерлерді қорғау мен өнерді көпшілікке қолжетімді ету арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
11:46
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.