Әлемдегі ең әдемі ту: Қазақстан байрағы бүгін және 34 жыл бұрын жеңіске қалай жетті?

Дүние жүзіндегі ең әдемі ту деп танылған Қазақстанның байрағы 1992 жылы да мыңнан астам жобаның арасынан оқ бойы озып шыққан еді.


17/03/2026
14:51 30 0

Flags of the World Tournament

 

Соңғы жылдары әлемде кең танылған Reddit әлеуметтік платформасы Flags of the World Tournament онлайн-турнирін ұйымдастырып, онда қатысушылар әлем елдерінің ішінен ең әдемі мемлекеттік туды анықтады. Әлемнің 64 елінің туы бақ сынаған байқауда қолданушылардың басым бөлігі Қазақстан туына дауыс беріп, оны ең үздік деп таныды. Турнир қорытындысындағы жарияланымда:

«Қазақстан – біздің чемпион! Баршаңыз дауыс беріп, бұл әлемдегі ең үздік ту деп шештіңіздер», - делінген.

Бұл жеңіс ту символикасының терең мәні мен ұлттық рухтың әлемдік деңгейде мойындалғанын көрсетеді дейді ел сарапшылары.

 

Турнир қалай өтті

 

«Flags of the World Tournament» онлайн сайысы ұйымдастырылу жағынан еуропалық футбол турнирлерінің форматына ұқсас. Кей тұстарда UEFA Champions League кезеңдерінің жүйесімен ұқсастық байқалды: әуелі барлық елдер географиялық орналасуына қарай топтарға бөлінді. Нәтижесінде әрқайсысында 5–7 мемлекеттен тұратын 32 топ құрылды.

 

Әр топтан ең көп дауыс жинаған екі ел турнирдің шешуші кезеңіне — плей-оффқа жолдама алды. Бұдан кейін қатысушылар жұп-жұпқа бөлініп, олимпиадалық жүйе бойынша 1/32 финалдан бастап ақтық сынға дейін бақ сынады.

 

 

Қазақстан туы жарысты «Орталық Азия» тобынан бастады. Бұл топта Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдері болды.

 

Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан 50,6% жинап, плей-офф кезеңіне өтті.

 

Келесі кезеңдерде қазақстандық ту мына қарсыластарын басып озды:


– 1/32 финалда —
Тонга (95%)
– 1/16 финалда —
Эстония (70%)
– 1/8 финалда — M
онтенегро (82%)
– ширек финалда —
Бразилия (69%)
– жартылай финалда —
Сейшел аралдары (78%)

 

Финалда қолданушылар Қазақстан мен Кирибати туларын салыстырып, дауыс берді. Нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттік нышаны 65% дауыспен сенімді жеңіске жетті.

 

Кирибати туы

 

34 жыл бұрынғы жеңіс

 

Күні кеше әлемнің елдерінің 64 туымен бақ сынасса, осыдан 34 жыл бұрын көк байрағымыз Қазақстанның Мемлекеттік туы атануға үмітті 1200 жобамен таласқа түскен еді. Тарихқа сәл шегініс жасасақ.

 

Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдары – 1990-дардың басы – жаңа мемлекеттің рәміздерін таңдау кезеңі болды. 1992 жылы Жоғарғы Кеңес жаңа мемлекеттік символиканы әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрды. Сол жылы жарияланған байқауға 600 адамнан 1200 жоба келіп түсті. Байқауға Қазақстан суретшілері ғана емес, ТМД елдері, Германия, Түркия, Моңғолия шеберлері де қатысты. Сол жобалар арасынан Шәкен Ниязбеков ұсынған нұсқа оқ бойы озып шыққан еді.  

 

Автордың алғашқы нұсқаларында күн мен қыран тудың шетінде, ою-өрнектің басында қызыл түс болған. Экс-президент Назарабевтың ұсынысымен олар ортасына жылжып, қазіргі үйлесімді композицияға айналды.

 

Байқауға ұсынылған алғашқы нұсқа

 

Шәкен Ниязбековті жеңіске жетелеген жол

 

Шәкен Ниязбеков – көрнекті суретші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. 1938 жылы Жамбыл облысында туған. Ленинградтағы В. И. Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищеде білім алған. Қазақстанға оралған соң Алматы қаласының бас суретшісі болып, көптеген көрмелер мен конкурстарда жеңімпаз атанған.

 

Мәселен, 1961 жылы «Глобус» теледидарының дизайны үшін Чехословакияда алтын медаль жеңіп алды. 1964 жылы – Ленинградта өткен «Бейбітшілікті қолдаймыз!» атты плакаттар жарысында бірінші орын иегері, 1967 жылы – Монреаль қаласында «ЭКСПО-1967» қатысушысы, 1982 жылы – Алматы қаласындағы Республика алаңын көркем безендіру байқауының бірінші орын иегері атанған. Оның жетістіктеріне Алматы қаласының елтаңбасы мен Бауыржан Момышұлы зиратына қойылған құлпытасты да жатқызуға болады.

 

 

Қазақстанның Мемлекеттік туын Шәкен Ниязбеков өзінің сәтті туындыларының бірі деп санайды және оны автор ретінде де, азамат ретінде де мақтан тұтады. Ол Қазақстанның көк байрағын жасау үшін жарты жыл еңбек еткен. Комиссияға бір емес, 35 тудың үлгісін жасап өткізген екен.

«Ең алдымен, әлемдегі туларды зерделедім, өйткені қайталанбас өзіндік нұсқа қажет болды. Басқа үміткерлер туларын үш түсті, қызыл, сары, тіпті қоңыр түсті қылса да, мен көгілдір түске тоқтадым – өйткені көп этносты халық мекендейтін Қазақстан аспаны бөлінбейді», – дейді Ш. Ниязбеков.

Ту авторының айтуынша, ғалым Өмірбек Жолдасбеков комиссияға түскен көп жобаның арасынан қазіргі көк байрағымызды көрген кезде: «Біз іздеп таба алмай отырған ту осы емес пе?» деген екен.

 

Көк байрақтың биік шыңдар мен ғарышты бағындыруы

 

Қазақстанның спортшылары еліміздің байрағын әлемнің түкпір-түкпірінде желбіретіп жүр. Көк туымыздың көкке көтерілуіне ғарышкерлер мен альпинистердің де еңбегі зор.

 

  • 1994 жылы  Талғат Мұсабаев тұңғыш рет ғарышқа апарды.
  • 2015 жылы Айдын Айымбетов ғарышқа сапары кезінде ту Жерді 150 рет айналды.
  • 2011 жылы Оңтүстік Полюсты бағындырудың 100 жылдық мерейтойында Қазақстанның туы Антарктидада орнатылған.
  • Сол жылы қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцов көк байрағымызды Азияның ең күрделі тауының Қарақорым Чогори шыңына (8 611 м) орнатты.
  • 2014 жылы Мақсұт Жұмаев Солтүстік Американың ең биік тауына шығып, туды Мак-Кинли шыңына көтерді.

Мақсұт Жұмаев. Мак-Кинли шыңы

 

  • Қазақстанның туы Батыс Еуропаның ең жоғарғы Монблан шыңына(4 810 метр) да көтерілді. 
  • Ел байрағы Азиядағы Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және әлемнің ең биік Эверест шыңында (8 800 м) желбіреді.
  • 2012 жылы 23 ақпанда қазақстандық Андрей Гундарев Оңтүстік Американың ең биік шыңы   Охос-дель-Саладоға шығып, Қазақстанның туын әлемдегі ең биік вулканға орнатты.

 

Поделиться

Нет комментариев.

17/03/2026 14:51
30 0

Уведомление