Әлемдегі ауасы ең лас елдер: Қазақстан IQAir рейтінгінде нешінші орында

Қазақстанда ауа сапасының бұрынғы оң динамикасы бұзылды.


05/10/2026
12:48 0

Бірнеше жыл төмендеген PM2.5 қайта өсті

 

2025 жылы Қазақстандағы ұсақ дисперсті PM2.5 бөлшектерінің орташа концентрациясы бір жыл ішінде 15,1-ден 23,4 мкг/м³-ге дейін өсіп, 55%-ға артты. 

 

Бұл дерек IQAir-дың 2025 жылғы жаһандық ауа сапасы мониторингіне негізделген. Қазақстан зерттеу жүргізілген 143 елдің ішінде 29-орынға жайғасып, рейтингке енген Орталық Азияның төрт мемлекеті арасында ең жақсы көрсеткіш көрсетті.

 

Орталық Азияның өзге елдерінде де жағдай нашарлаған: Тәжікстанда PM2.5 23,8%-ға, Қырғызстанда 40,8%-ға өскен. Бұл қатарда көрсеткіші жақсарған ел – Өзбекстан.

 

Орталық Азияның төрт елі ауасы ең лас 30-дыққа кірді

 

Тәжікстан 57,3 мкг/м³ көрсеткішімен әлемдегі ең ластанған елдер рейтингінде үшінші орын алды. Өзбекстан –38,1 мкг/м³ көрсеткішімен оныншы, Қырғызстан 19-орында тұр.

 

Қазақстан 23,4 мкг/м³ көрсеткішімен 29-орынға жайғасты. Түрікменстан бойынша мониторингте дерек жоқ.

 

Рейтингте бірінші орында Пәкістан тұр – 67,3 мкг/м³. Одан кейін Бангладеш (66,1), Тәжікстан (57,3), Чад (53,6) және Конго Демократиялық Республикасы (50,2) орналасқан. Ең төмен көрсеткіш Француз Полинезиясында тіркелді – 1,8 мкг/м³.

 

Моңғолияның нәтижесі де назар аударарлық: 2019 жылдан бері елдегі PM2.5 деңгейі 62-ден 17,8 мкг/м³-ге дейін төмендеген.

 

Қарағандыдағы көрсеткіш әлі де өте жоғары

 

Ел бойынша орташа көрсеткіш қалалар арасындағы айырмашылықты толық көрсете бермейді. IQAir Қазақстанның 17 елді мекеніндегі ауа сапасын бақылайды.

 

Алматы, Астана, Өскемен, Қарағанды және Теміртау сияқты ірі қалалардың бәрінде PM2.5 деңгейі ДДСҰ ұсынған мөлшерден кемінде үш есе жоғары. Кей жерлерде бұл айырмашылық 20 есеге дейін жетеді.

 

Ең күрделі жағдай Қарағандыда: 2024 жылы мұнда PM2.5 концентрациясы 104,8 мкг/м³ болса, 2025 жылы 72,6 мкг/м³-ге түскен. Дегенмен көрсеткіш әлі де өте жоғары.

 

 

Алматыда 2030 жылға қарай PM2.5 63 мкг/м³-ге жетуі мүмкін

 

Қазақстан үшін Алматы мен Астанадағы ауа сапасы ерекше маңызды. Дүниежүзілік банк мамандары бұған дейін 2030 жылға дейінгі бірнеше сценарийді бағалаған.

 

Егер жағдай айтарлықтай өзгермесе, яғни базалық сценарий сақталса, 2030 жылы PM2.5 концентрациясы Алматыда 63 мкг/м³, Астанада 32,5 мкг/м³ болуы мүмкін. Бұл ДДСҰ ұсынған 5 мкг/м³ деңгейден әлдеқайда жоғары.

 

Ал қажетті шаралар кешені іске асса, жағдай өзгеруі ықтимал. Астанада көрсеткіш 32,5 емес, 8 мкг/м³-ге, Алматыда 63 емес, 18 мкг/м³-ге дейін төмендеуі мүмкін.

 

фото: ЖИ

Поделиться

Нет комментариев.

05/10/2026 12:48
0

Уведомление