Көрермені көбейген өнер: Қазақстанда театр билеттері қанша тұрады
Қазақстанда театрға бару бір жыл ішінде едәуір қымбаттаған. Биыл театр билеттерінің бағасы өткен жылмен салыстырғанда бірден 41,5%-ға өскен.
Қай қалада өсім жоғары?
Finprom сарапшыларының дерегінше, биылғы өсім соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Билет бағасы ең қатты Алматыда өскен – бір жылда 74,1%-ға қымбаттаған. Ақтөбе облысында баға 37,5%-ға, Павлодар облысында 30%-ға, Абай облысында 29,2%-ға, ал Астанада 25,7%-ға артқан.
Жалпы, еліміздің 20 өңірінің 16-сында театр билеттерінің қымбаттағаны байқалады. Театр қызметтерінің бағасы әсіресе былтыр күзде және 2026 жылғы мамырда айтарлықтай өскен. Қазанда баға бір айда 10,1%-ға, қарашада 6,9%-ға, желтоқсанда тағы 8,1%-ға, ал мамырда 5,8%-ға қымбаттаған.
Қазір театр билеті қанша тұрады?
Қыркүйек айында Қазақстанда театрға билет бағасы орта есеппен 3 мың теңге шамасында, яғни 6,7 долларды құрайды.
Бағаның айтарлықтай өскеніне қарамастан, Қазақстандағы театр билеттері көршілес бірқатар елдермен салыстырғанда әлі де арзан. Ресейде билет құны орта есеппен 29,7 доллар болса, Қырғызстанда – 6,9 доллар, Өзбекстанда – 8,5 доллар.
Театрлар саны артып келеді
Қазақстанда театр саласы қарыштап дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 85 театр жұмыс істеген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 11 театрға көп.
Бұл ретте Алматыдағы өсім ерекше байқалады. Бір жылдың ішінде қалада тоғыз жаңа театр ашылған. Қазір еліміздегі театрлардың шамамен әр үшіншісі осы қалада орналасқан.
Театрлардың 70%-дан астамы мемлекеттік мекеме болып қала береді. Дегенмен жеке театр студияларының саны анағұрлым жылдам өсіп келеді. 2024 жылы олардың саны 15 болса, өткен жылдың қорытындысында 25-ке жеткен.
Көрермендер де көбейген
Өткен жылы театр қойылымдары мен өзге де театр шараларына шамамен 3,2 млн адам барған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп.
Қазақстан театрлары бір жыл ішінде 500-ден астам гастрольдік сапар ұйымдастырып, 191 фестивальге қатысқан. Олардың қатарында шетелде, соның ішінде Түркия мен Сингапурда өткен фестивальдер де бар.
12:32
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.