«Комиссия келеді»: Түркістанда студент қыздарды ұлдардың бөлмесін тазалауға мәжбүрлеген
Түркістандағы көпсалалы индустриалды-техникалық колледжден шу шықты. Жатақханада тұратын студент қыздарды ұлдардың бөлмесі мен әжетханаларды тазалауға міндеттеген, деп хабарлайды Masa media.
Белсенді дабыл қақты
Оқиға жайлы желіде қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлы жазды.
«Мынау не масқара? Кішкентай қыздарды көшеге қуғаны қалай? Түркістан қаласы, Абай көшесі 81/5 мекенжайында орналасқан Көп салалы индустриялды техникалық колледж студенттері бізден көмек сұрап отыр. Айтуларынша студенттерге жатақхананың едені мен дәретханасын жудырып, тазалауға мәжбүрлейтін көрінеді. Ұл балдар жататын бөлмелерді де мәжбүрлеп тазалатады екен. Егер тазаламасаңдар жатақхананы босатыңдар дейді. Ол қыздар көшеде бір жағдайға ұшырап қалмасына кім кепіл?», – дейді ол.
«Қыз емессің бе?»
Желіде жарияланған видеода жатақхана қызметкерінің қыздарға комиссия келетінін айтып, тазалық жұмыстарын орындауды міндеттеп жатқаны көрінеді.
«Ертең бізге жатақхананың ашылуына комиссия келеді. Балалардың жатуына рұқсат беру мәселесі бойынша тексеріс болады. Соған дайындалып жатырмыз. Ал сен бәрін дүрліктіріп, шу шығарасың. Бір бөлмені тазаласаң, сен қыз емессің бе? Әлде бір жерің түсіп қала ма?» – дейді ол.
Студент қыздардың бірі өз бөлмесін жинауға қарсы емес екенін, бірақ ұлдардың бөлмесін тазалаудан бас тартатынын айтқан.
«Мен өз бөлмемді тазаламаймын деген жоқпын. Өзімдікін тазалаймын. Бірақ ұлдардың бөлмесін мүлде тазаламаймын», – деп қарсылық білдірген.
Видеодағы қызметкер бұдан кейін де талап қоюын жалғастырып, студенттерді ата-аналарына шағымданатынын ескертеді.
«Не жетпей жатыр? Білмеймін ғой, не қылық екенін бұларда? Анаңа хабарлас, маған хабарлассын. Ей, тазала дедім ғой. Мұнда бәрі СЭС келеді деп абыр-сабыр болып жатыр. Әй, мына арада жатсыңдар ғой. Саған не жоқ, кеше келіп алып. Шық, шық та, ана жақтың бәрін тазалаңдар! Бәрің шығыңдар тез! Сен де шық, апайларға барып көмектес», – дейді кадр сыртындағы жатақхана қызметкері.
Білім басқармасы не дейді?
Түркістан облысы білім басқармасы колледж жатақханасында туындаған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, мәселе бақылауға алынып, арнайы комиссия құрылып, тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Басқарма 23-25 ақпан күндері өтетін облыстық спартакиадаға байланысты жатақханаға қатысушыларды орналастыру қажеттілігі туғанын алға тартып отыр. Осыған байланысты қызметкерлер студенттерге бос бөлмелердегі тазалыққа көмектесу жөнінде ауызша ұсыныс жасаған.
«Жатақханада студент жігіттердің уақытша болмауына байланысты қыздардан бос бөлмелерде тазалыққа көмек көрсету сұралған. Кейбір студенттердің бас тартуына байланысты түсінісбестік болды», – деп ақталды шенеуніктер.
Басқарма жауаптыларға қатысты заңға сәйкес тиісті шешім қабылданатынын айтты.
фото: видеодан скриншот
17:47
33
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.