Көк ту төмен түсірілген күн: Қазақстан халқы тәуелсіздік алғалы қанша рет аза тұтты
Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
14-ші аза тұту
Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 14-ші жалпыұлттық аза тұту күні. Бұған дейін ел халқы 13 рет аза тұтқан.
Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту алғаш рет 2006 жылы жылы жарияланды. Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтадағы апаттан 41 кенші қаза тауып, жеті адам жараланған. Осы қаралы оқиғаға байланысты қаралы күн белгіленді.
Екінші рет қазақстандықтар 2008 жылы Абай шахтасындағы метан жарылысынан кейін аза тұтты. Алапат жарылыс болған кезде шахтада 190-ға жуық кенші болған. Авариялық-құтқару жұмыстары барысында «Көмір» әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің тау-кен құтқарушылары 7 кеншінің мәйітін тауып, жер бетіне шығара алады. Ал 23 шахтердің мәйіті табылмады.
2010 жылы Қызылағаштағы су тасқынынан кейін де Қазақстан халқы қара жамылып, аза тұтты. Апат жүздеген өмірді жалмап, бір ауылды тұтастай тас-талқан еткен еді.
2012 жылы ел «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қаза және Шымкент маңындағы әскери ұшақ апатынан соң да қаралы күн жарияланды. 2012 жылдың 25 желтоқсанында Түркістан облысы Шымкент қаласының маңында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі Ан-72 ұшағы құлады. Кеме бортындағы 7 экипаж мүшесі мен 20 әскери қызметкер – барлығы 27 адам қаза тапты.
Ал 2013 жылы SCAT әуе компаниясының ұшағының құлауы кезінде жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Апаттан 21 адам опат болды. Олардың арасында кішкентай сәби де бар еді.
Араға үш жыл салып 2016 жылы Ақтөбедегі қарулы шабуылдан кейін аза тұттық. Қарулы қарсыласпен қақтығыс кезінде 6655 әскери бөлімінің үш әскери қызметшісі –майор Даниель Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапар әскери қалашыққа шабуыл жасаған кезде батылдық пен жанқиярлық танытып, оқиға орнында ерлікпен қаза тауып, 6 әскери адам түрлі дәрежедегі жарақат алған болатын.
Ал 2019 жылы Алматы маңындағы Bek Air ұшағының апатына байланысты қаралы күн белгіленді. Алматы-Астана бағыты бойынша Z9 2100 нөмірлі рейсін орындайтын Fokker-100 ұшағы Алматы қаласы маңындағы Қызылту елді-мекеніне апатқа ұшыраған еді. Ұшақ бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. 12 жолаушы қайтыс болды.
2020 жылғы 13 шілдеде президент коронавирус пандемиясынан қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін аза тұту күнін жариялады. Бүкіл әлемді шарпыған індет басталғалы үш жыл ішінде елімізде 20 мыңға жуық адам осы аурудан қайтыс болды.
2021 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан кейін жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Қойма 2021 жылғы 26 тамызда өртенді. Өрт және одан кейінгі жарылыстар салдарынан 17 адам қаза тапты, 98 адам зардап шекті, 1 адам хабар-ошарсыз кетті.
2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде қаза болғандарды еске алу үшін 10 қаңтар қаралы күн болып белгіленді. 2022 жылдың 5 қаңтарында елде басталған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ресми ақпаратқа сәйкес 238 адам көз жұмды.
Қазақстан халқы 2023 жылы екі рет аза тұтты. 12 маусымда Абай облысындағы «Семей орманы» резерватындағы алапат өрт кезінде қаза тапқан орманшылар еске алсақ, 29 қазанда Костенко шахтасындағы апаттан көз жұмған кеншілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Маңғыстаудағы трагедия
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу өтіп жатқан кезде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан бір топ әскери қызметшіні теңіз алып кетті.
Нақтыланған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиғадан кейін тергеу басталды. Қазір іс қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан немқұрайдылық, сондай-ақ кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергеліп жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.
09:09
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.