Популярные тэги

«Көк паспортымыз аман болсын»: Таяу Шығыстағы жанжал отаншылдығымызды қалай күшейтті

Парсы шығанағынан тыныштық кеткелі көп елдің ішкі бірлігі мен ынтымағы сынға түсіп жатқандай. Бұл сындарлы шақта Қазақстан өзін қалай көрсетті?


06/03/2026
13:23 45 0

Азаматтарды эвакуациялау

 

Қақтығыс басталғалы әлем елдерінің көпшілігі Таяу Шығыстағы азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті. Өз халқын қиындықта қалдырмайтын Қазақстан да алғашқылардың бірі болып қауіп аймағындағы азаматтарын елге жеткізу жұмыстарын қолға алды.

 

СІМ-нің бүгінгі мәліметінше, шиеленіс басталғалы бері отандық және шетелдік әуе компанияларының  12 рейсі арқылы 3300-ден астам қазақстандық елге оралды.

 

Әуе рейстерімен қатар, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылуда. Ирандағы дипломаттар 6 наурызда  «Заркух» компаниясында жұмыс істейтін  7 қазақстандық азаматты иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр.

 

Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған «Заркух» компаниясының 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырып, олар автобуспен иран-армян шекарасын өтті. Жалпы Ираннан бүгінге дейін 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды.

 

«Мама, мен неге қазақ емеспін?»

 

Қазақстан дипломаттарының ел азаматтарына деген жанашырлығы мен қамқорлығы шетелдіктерді таңдандырмай қоймады. Әсіресе, ресейліктер әлеуметтік желіде қазақстандықтарды эвакуациялау жұмыстарының жылдамдығы мен жүйелілігіне қызығушылық танытты.

 

Мәселен,  Қатарда жүрген Денис Смычек  есімді Ресей азаматының Instagram-да жариялаған бейнежазбасы қызу талқыланды. Ол өз елінің азаматтарын эвакуациялау ісі салғырт жүргізіліп жатқанына қынжылыс білдірді.

 

 

«Соңғы жаңалықтар: Қазақстан азаматтарына елшілік Сауд Арабиясына виза рәсімдеп беріп, ертең барлығын автобустармен алып кетеді (жол шамамен 22 сағатқа созылады). Одан кейін оларға Алматыға тегін әуе рейсі ұсынылады. Бұған қоса әрқайсысының картасына 35 доллардан жіберіп жатыр. Ал бізде ештеңе жоқ. Бірақ біз еңсемізді түсірмейміз. Жағдайдың жақсы аяқталарына сенеміз», – дейді ол.

 

Ол досымен бірге серуендеп жүрген сәтте диспетчер қазақстандықтарды эвакуациялауға дайындық басталғанын хабарлайды.

 

«Қазақстан елшілігі өкілінің мәліметінше, Қазақстанның барлық азаматы WhatsApp арқылы жіберілген сілтеме бойынша шұғыл түрде Сауд Арабиясына визаға өтініш беруі қажет. Себебі сіздерді алып кететін автобустар Сауд Арабиясының аумағына кіреді. Қазақстан елшілігі ұйымдастырған Джидда қаласынан тегін ұшақ сіздерді тікелей Алматыға жеткізеді», – деп хабарлайды диспетчер дауыс зорайтқыш арқылы.

 

Осы жағдайды көрген видео авторы әзілдеп: «Анашым, неге мен қазақ емеспін?» – деп сұрайды.

 

 

Видео астына пікір жазған қазақстандықтар оларды Таяу және Орта Шығыс елдерінен жедел түрде эвакуациялағанын растады.

 

«Қазір түнгі шөл арқылы жол жүріп келеміз, Эр-Риядқа жақындап қалдық. Одан кейін Джиддаға автобустармен барамыз (шамамен 10 сағат жол), сол жерден Қазақстанға ұшамыз», - деп жазды оның видеосына желі қолданушысы.

 

 

«Германияда шамамен 10 жыл тұрып келемін. Жақында ғана консулдық есепке тұру керек екенін білдім. Мен консулдан бұл не үшін қажет екенін сұрадым. Ол төтенше жағдай болса, азаматтардың қай жерде жүргенін біліп, оларды қалай эвакуациялау керегін анықтау үшін қажет екенін айтты. Мұны естігенде көңілім жайланып қалды», - деді енді бірі.

 

«Өткен жылы жарылыстар мен зымырандардың ортасында біздің ұшақ мүмкін емес нәрсені жасап, қазақстандықтарды соғыс аймағынан алып шыққанын бәрі де ұмытқан жоқ», - деп жазды тағы бір отандасымыз.

 «2011 жылы Жапонияда Қазақстан елшілігі өте жедел әрекет етті, тіпті басқа елдердің азаматтарын да өздерімен бірге алып кеткен. Мен қырғыз паспортымен еш қиындықсыз ұшаққа отырдым, қасымда бір жасар балам болды. Олар төлқұжаттың түсіне қарамады, әйелдер мен балаларды алып кетті. Қазақстанға үлкен алғысымды білдіремін», - дейді көршілес ел азаматы.

 

Threads-тегі басты тақырып – Қазақстанның қамқорлығы

 

Threads желісін ашсаң да, көп қаралым жинаған жазбалардың дені – Таяу Шығыстан аман-есен оралған қазақстандықтар мемлекетке алғысы. Азаматтарымыз елдің қамқорлығына тәнті екендерін жеткізуде. Жазбаларға жазылған пікірлерден Таяу Шығыстағы қақтығыс қазақстандықтардың отаншылдық рухын арттыра түскенін аңғаруға болады.

«Қазақстан пандемия кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен азаматтарына ұшақ жіберіп жинап алғаны есте. Уханьға дейін борт барған. Бұл жолы да Таяу Шығыстан ұшақ жіберіп, қазақстандықтарды шығарып әкетіп жатыр. Сириядағы соғысқа адасып кетіп, қақтығыс ортасында қалған әйелдер мен балаларды да алып шыққан. Мұның бәрі – факт», – деп жазды жиһанкез журналист Руслан Меделбек.

Желі қолданушылары оның сөзін растап, Қазақстан азаматы екеніне мақтанатындарын жарыса жазып жатыр.

 

 

«Қауіпте қалдырмайтын, артыңнан ізейтін өз еліңнің болуы – шын қуанып, мақтануға тұрарлық нәрсе», «Жусан операциясын YouTube-тан көріп таңғалып едім. Осындай көк тудың астында өмір сүріп жатқанымды мақтан тұтамын!» делінген жазба астындағы пікірлерде.

 

Дубайдан елге дін аман жеткен белгілі медиаменеджер Жанасыл Болатбек те елге сүйіспеншілігі арта түскенін жасырмайды.

 

«Дубай – Оман – Алматы – Астана. Үйге жеттік. Ұзақ жол автобуспен, ұшақ күткен аэропорттағы ұйқысыз түндер. Күтпеген эмоциялар, балалармен өткізген уақыт, жеке әңгімелер. Бастысы негативсіз естеліктер. Бұл оқиға балаларымды есейткені анық.

Оқиға басталғаннан елдің қамқорлығын сезіндік. Қонақ үй, тамақ, жол. Елшілік өкілдері жағдайды барынша түсіндіріп отырды. I love you, Qazaqstan!» деп жазды продюсер.

 

Бейбітшілікті дәріптейтін челлендж

 

Сондай-ақ, қазақстандықтар желіде челлендж ұйымдастырып, елдегі тұрақтылық пен бейбітшілік президенттің арқасы екені айтылған Reels-тарды бір-бірінен іліп әкетіп жариялап жатыр. «Қазіргі әлемдегі жағдай сені алаңдата ма? – Жоқ, себебі ҚОРҒАНЫМ мықты» деген мәтінмен таралып жатқан видеоларда  Тоқаевтың сыртқы саясаттағы жетістіктері жіпке тізілген.

 

Поделиться

Нет комментариев.

06/03/2026 13:23
45 0

Уведомление