Көңіл ауу емес, қатер: сталкинг қылмыс деп танылғалы Қазақстанда не өзгерді?
Қылмыстық кодекске сталкинг туралы бап енгізілгелі 7 айдың жүзі. Қоғамның қабылдауы өзгерді ме?
Кеше ІІМ ресми хабарлама жариялап, сталкингке тап болған азаматтарды мәселені өз бетінше шешуге тырыспай, дереу полицияға жүгінуге шақырды. Полицейлердің айтуынша, істің насырға шабуын күтудің қажеті жоқ. Алғашқы кезеңде де заң тұрғысынан шаралар қабылданады.
Қазақстанда сталкинг үшін жауапкершілік енгізуге не түрткі болды, жаңа заң күшіне енгелі бері қандай істер қаралды, кімдер жазаланды? Masa media тілшісі тарқатады.
Сталкингтің хронологиясы: аңшылықтан қылмысқа дейін
Сталкинг – адамның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысу немесе оны заңсыз қудалау. Термин ағылшын тілінен шыққан (stalking – «қудалау, аңду») және бастапқыда аңшылықта жемтікті аңду тәсілі ретінде қолданылған. Бірақ 1989 жылы актриса Ребекка Шеффер ұзақ уақыт қудаланып, ақыры өлтіргеннен кейін бұл ұғым БАҚ-та кеңінен тарады. Осы оқиға АҚШ-та жүйелі қудалау әрекеттерін заң жүзінде қарастыруға түрткі болды.

Ребекка Шеффер
Әлемдік тәжірибеде сталкингтің қаупін дәлелдейтін жағдайлар көп. Мысалы:
- 1981 жылы Джоди Фостерді ұнатқан Джон Хинкли АҚШ президенті Рональд Рейганға қастандық жасап, актрисаның назарын аудармақ болды.
- 1996 жылы исландиялық әнші Бьоркке ессіз әуестенген жанкүйері қауіпті хат жіберіп, кейін өзіне қол жұмсады.
- 2018 жылы Тейлор Свифттің Роджер Альварадо есімді жанкүйері әншінің үйіне заңсыз кіріп, төсегіне жатып алған.
Бұл оқиғалар сталкингтің тек психологиялық қысым емес, нақты физикалық қауіп төндіруі мүмкін екенін көрсетті. Қазіргі таңда АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Австралия сияқты елдерде сталкинг жеке қылмыс болып саналады. Қылмыскерге айыппұлдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазақстандағы ахуал
Қазақстанда 2025 жылға дейін сталкинг үшін жеке қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Заңгер Халида Әжіғұлованың айтуынша, мұндай жағдайлар Қылмыстық кодекстің «Қорқыту» бабы аясында ғана қаралған:
«Қорқытудың шынайы қауіп екенін дәлелдеу міндеті жәбірленушінің өзіне жүктелген. Күдіктінің сөз жүзіндегі қоқан-лоқысы нақты әрекетке ұласқанын көрсету керек еді. Халықаралық тәжірибеде мұндай сөздер де құқық бұзушылық саналады. Ешкім өзге адамды үрейде ұстауға құқылы емес» – дейді маман.
Заңның қабылдануына түрткі болған жағдайлар
Елімізде сталкингке қатысты қоғамдық резонанс тудырған бірнеше іс болды. Солардың бірі – журналист Дана Нұржігіттің оқиғасы. Бұрынғы жұбайы оны ұзақ уақыт бойы аңдып, тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермеген.
видеодан скриншот
«Мені аңдуды шығарды. Күн демей, түн демей қоңырау шалатын. Бассейнде жүзіп жүріп басымды көтерсем, алдымда тұрады. Денсаулығым нашарлап, процедурада жатқанымда да кіріп келді. Көшеде кетіп бара жатсам, «кіммен сөйлесіп бара жатсың?» деп қоңырау шалатын. 2024 жылғы 13 маусымда сот үкімі күшіне енді», – деді журналист.
Оның бұрынғы күйеуі интим фото-видеолар түсіргені үшін Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша үш жылға сотталды. Басына түскен осы оқиғадан кейін Дана Нұржігіт сталкингке қатысты арнайы заң нормасын енгізуді талап етті. Журналист сталкинг жайлы ақпарат құралдарында жиі айта бастағаннан кейін елімізде мұндай қылмыстың құрбаны болып жүргендер қатары аз емес екені белгілі болды. Олар тек өздері тап болған жағдайды қалай сипаттау керегін, құқық қорғау органдарына қандай шағыммен жүгіну қажеттігін білмеген.
Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы – «Сталкинг»
2025 жылдың шілдесінде Қылмыстық кодекске «Сталкинг» туралы 115-1-бап енгізілді. Енді жүйелі қудалау әрекеттері үшін:
- 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл,
- 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе
- 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.
Заң онлайн-қудалау мен адамның жүріп-тұруын бақылауды да қамтиды. Ең бастысы – полиция мұндай арыздарға міндетті түрде әрекет етуге тиіс. Заңгерлердің айтуынша, егер полицейлер өтінішті қабылдамаса немесе тиісті шара қолданбаса, азаматтар прокуратураға немесе Ішкі істер министрлігіне жүгінуге құқылы.
Заң күшіне енгеннен кейін қозғалған істер
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Самат Аисовтың дерегінше, сталкинг қылмыс ретінде енгізілген күннен бастап сотқа 51 ісжолданған. Оның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Шымкент: Нұрай Серікбайдың өлімі
Қазақстанды дүр сілкіндірген Нұрай Серікбайдың өлімі де – сталкингтен басталған қылмыс. Күдікті оны бірнеше ай бойы жүйелі қудалаған, тіпті алып қашқан. Отбасы полициядан бірнеше рет көмек сұрағанымен, арыз қабылданбаған. Оқиғадан кейін Президент тапсырмасымен полиция әрекетіне тексеріс жүргізіліп, Шымкент қаласы полициясының бастығы қызметінен босатылды. Некеге мәжбүрлеу дерегін тіркемеген қызметкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Нұрай Серікбай
Қызылорда: әлеуметтік желі арқылы қудалау
Нұрай оқиғасынан кейін қызылордалық қыз әлеуметтік желіде өзі басынан өткерген оқиға жайлы айтты. Көп ұзамай №2 Қызылорда қалалық соты ер адамды сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамауға алды. Сонымен қатар 500 мың теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді. Сот материалдарына сәйкес, сотталушы жәбірленушімен әлеуметтік желі, ұялы байланыс және WhatsApp арқылы тұрақты түрде хабарласып, оның тұрғылықты жері мен жұмыс орнына барып, жүйелі қысым көрсеткен. Жәбірленуші сотта үнемі қорқыныш жағдайында өмір сүргенін және мекенжайын өзгертуге мәжбүр болғанын айтты.
Ұлытау: киберсталкинг
Ұлытау облысында бір отбасы бес жыл бойы анонимді аккаунттар арқылы жүйелі цифрлық шабуылға ұшыраған. Қаскүнем жасанды интеллект көмегімен интимдік сипаттағы жалған фото және бейнематериалдар жасап, оларды туыстарына және таныстарына жіберіп отырған. Интернетте жалған анкеталар мен материалдар таралып, бұл отбасының, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне әсер еткен. Құқық қорғау органдары шабуылдаушыны анықтап, әрекетін тоқтатты.
БҚО: жүйелі қудалау, қорқыту
Осындай оқиғалардың бірі Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Бұрынғы жұбайы әйелді жүйелі түрде қудалап келген: оған қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жазған, жаңа байланыс нөмірлерін тауып алған, тұрғылықты жеріне келіп, күш қолданамын деп қорқытқан. Әйел телефон нөмірін ауыстырып, оны бұғаттағаннан кейін де ер адам түрлі аккаунттар мен нөмірлер арқылы жазуды жалғастырып, оның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқан. Бөкейорда аудандық соты ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Сталкинг құрбаны болған кезде не істеу керек?
Құқық қорғаушылар заңсыз қуадалауға ұшыраған адамдарға мынадай кеңестер береді:

- Дәлел жинау: барлық қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желіде болған қысымдарды жазып, скриншот жасаңыз.
- Арыз беру: полицияға немесе прокуратураға шағымдану. Егер полиция әрекет етпесе, жоғары органдарға жүгіну.
- Қауіпсіздік шаралары: мекенжай мен маршрутты өзгерту, қажет болса жақын адамдарға ақпарат беру.
- Онлайн қауіпсіздік: әлеуметтік желідегі профильдерді қорғау, күдікті аккаунттарды бұғаттау.
- Психологиялық қолдау: маманнан кеңес алу немесе қолдау топтарына қосылу.
13:28
66
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.