Ханзада Гарри король әулетімен татуласқысы келетінін айтты
Ол өзінің әкесі, король III Карлмен және ағасы, ханзада Уильяммен арадағы қарым-қатынасты қалпына келтіргісі келеді.
Бұл туралы Сассекс герцогы GQ журналына берген сұхбатында айтты.
«Әлемде болып жатқан оқиғаларды ескерсек, ең маңыздысы – татуласу», – деді ол.
Гарридің туыстарымен арасы 2020 жылы әйелі Меган екеуі корольдік міндеттерінен бас тартып, Калифорнияға қоныс аударғаннан кейін суыған. Кейін ерлі-зайыптылар король әулетін ашық сынай бастады.
Ханзада әкесімен және ағасымен арадағы күрделі қарым-қатынас жанына бататынын мойындады. Оның айтуынша, мұндай жағдай көп адамға таныс. Сондықтан өз отбасындағы оқиға жұрттың назарын аударып отыр.
«Ағайындылардың арасында келіспеушілік болады, ата-ана мен бала, сондай-ақ бала мен ата-анасының бірінің арасындағы қарым-қатынас та бұзылуы мүмкін», – деді ол.
Гарри арадағы байланысты қалпына келтіруге талпыныс жасау басқа отбасыларға да өзара түсініспеушілікті еңсеруге көмектеседі деп санайды.
«Біздің татуласқанымызды қаламайтындар бар. Ал мен арамыздың қайта түзелгенін қалаймын», – деп қосты ол.
Сассекс герцогы «жараның ізі мәңгі қалса да», өткенді артқа тастауға шақыратынын атап өтті.
08:34
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.