Халықаралық USERN Prize сыйлығы алғаш рет қазақ ғалымына бұйырды

Мақсат Жабағин биология ғылымдары саласындағы USERN Prize 2026 халықаралық сыйлығының жеңімпазы атанды.


11/11/2026
11:41 0

USERN Prize қандай сыйлық?

 

USERN Prize 40 жасқа толмаған, ғылымға, білім мен адамзат игілігіне елеулі үлес қосқан жас зерттеушілерге табысталады. Байқау бес бағытты қамтиды: формалды ғылымдар, физика-химия, биология, медицина және әлеуметтік ғылымдар. 

 

Биылғы марапаттау рәсімі 2026 жылғы 8-10 қарашада Астанада ұйымдастырылған USERN халықаралық конгресі мен сыйлық тапсыру фестивалінің XI жиыны аясында өтті. Басқосудың ұраны – «Youth Earn Vision». Конгресс жас зерттеушілер мен тәжірибелі ғалымдардың пікір алмасуына мүмкіндік берді. Ал марапаттау рәсімі 10 қарашадағы Дүниежүзілік ғылым күніне орайластырылды.

 

Бір қызығы, қазақстандық ғалым Мақсат Жабағин былтыр да осы аталым бойынша үздік бестікке енген. Алайда ол кезде жеңімпаз атанбаған. Биылғы марапатты ғалым жас қазақстандық зерттеушілердің ғылымға ден қойып, өз идеяларын дамытуына әрі халықаралық деңгейде танылуына серпін беретін мүмкіндік ретінде бағалады.

 

 

Ғалымның зерттеу бағыты қандай?

 

Мақсат Жабағин – PhD дәрежесінің иегері, профессор. Ол Ұлттық биотехнология орталығында адам генетикасы зертханасына жетекшілік етеді. Ол Орталық Азия халықтарының генетикалық қорын, олардың географиялық таралу ерекшеліктерін, Y-хромосомадағы өзгерістер мен ру-тайпалық құрылым арасындағы байланысты зерттейді.

 

Ғалым 2012 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің генетика кафедрасын бітірген. 2016 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына, ал 2017 жылы жас ғалымдарға арналған Қонаев атындағы сыйлыққа ие болған.

 

Бұдан бөлек, Еуразиядағы аз зерттелген түркітілдес халықтардың генетикалық қорын зерттеген ғылыми еңбектері үшін Ресей ғылым академиясының медалі мен сыйлығын алған алғашқы қазақстандық зерттеуші атанған. 2024 жылы Орталық Еуразия халықтарының генетикалық тарихына арналған зерттеулері үшін Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықпен марапатталған.

Поделиться

Нет комментариев.

11/11/2026 11:41
0

Уведомление