Халық психологиясы һәм ақша: Холл мен Вудфордқа Нобель сыйлығы не үшін берілді
2026 жылғы экономика саласындағы Нобель сыйлығы америкалық экономистер Роберт Холл мен Майкл Вудфордқа бұйырды.
Ғалымдар нені зерттеді?
Ғалымдардың зерттеулері экономикалық дағдарыс кезінде мемлекет пен орталық банктердің қандай шешім қабылдауы керегін анықтауға арналған.
Олар экономиканың құлдырауы мен қайта өсуіне әсер ететін факторларды зерттеп, қаржы саясатының ықтимал нәтижелерін бағалауға мүмкіндік беретін макроэкономикалық модельдер әзірлеген. Бұл модельдер мемлекетке пайыздық мөлшерлемені өзгерту, бюджет шығындарын реттеу және экономиканы қолдау шараларының салдарын алдын ала бағалауға көмектеседі.
Зерттеудің негізгі тұжырымдарының бірі – орталық банктер мен үкіметтердің алдағы саясатын түсіндіруі халық пен бизнестің экономикалық шешімдеріне әсер ете алады. Егер азаматтар мен кәсіпкерлер пайыздық мөлшерлеменің, инфляцияның немесе мемлекеттік шығындардың болашақта қалай өзгеруі мүмкін екенін түсінсе, өздерінің қаржылық жоспарларын соған қарай бейімдейді. Осылайша экономикалық саясат тек қабылданған шешімдер арқылы емес, сол шешімдерге қатысты қалыптасқан күтулер арқылы да әсер етеді.
Зерттеу әлем елдеріне қалай көмектеседі?
Нобель комитетінің төрағасы Йон Хасслердің айтуынша, лауреаттардың зерттеулері орталық банктер мен үкіметтер қолданатын экономикалық модельдердің ғылыми негізін қалыптастырды. Бұл модельдер энергия дағдарысы немесе халықтың тұтыну әдеті күрт өзгерген жағдайда экономикалық саясатты тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Швеция Корольдік ғылым академиясының мәліметінше, ғалымдардың еңбектері бүгінде әлемнің көптеген елінде экономиканы тұрақтандыру шараларын әзірлеуге пайдаланылады.
Айта кетейік, экономика саласындағы сыйлықтың биылғы ақшалай мөлшері – 12 миллион швед кронасы. Бұл қаржы екі лауреатқа тең бөлінеді.
15:31
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.