Кенесарыны қылжақ қылған қырғыз студенттеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қазақстанда Кенесары ханның бассүйегіне қатысты екі қырғызстандық студенттің даулы мәлімдемесінен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Заңгердің шағымы
Бұл туралы бұған дейін олардың сөзіне құқықтық баға беруді талап етіп, құқық қорғау органдарына жүгінген адвокат Мейірман Шекеев хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, ол қылмыстық істің тіркелгені туралы ресми растау алған.
«Естеріңізде болса, бұған дейін Қырғызстанның екі азаматы ата-бабамыздың рухына, елімізге және ұлтымызға тиіскен бейнежазбалары жариялаған еді. Осыған қатысты мен әлеуметтік желіге шығып, бұл азаматтардың әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп, тиісті органдарға жүгінгенімді бұған дейін де хабарлағанмын. Бүгін Қырғыз Республикасының аталған азаматтарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын жариялаймыз», - деді Шекеев Instagram парақшасында.
Қылмыстық іс қай бап бойынша тіркелді?
Адвокат тергеу органдары қазір оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын айтты. Алайда қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша тіркелгенін нақтыламады.
«Халқымыз айтқандай, «жаман ұлт болмайды, жаман адам болады». Ұлттық болмысымызға, ұлттық мүддемізге, болмаса ата-бабамыздың рухына тиісу біздің намысымызға тиетінін ескерткім келеді. Кенесары болсын, басқа ата-бабамыз болсын, олардың ұрпақтары әлі де арамызда өмір сүріп жатыр», - деді ол.
Оқиға неден басталды?
Бұған дейін Қырғызстаннан келген екі студент өз елінде «Кенесары ханның бас сүйегінен шарап ішетінін» айтып, мәлімдеме жасаған еді. Бұл видео Қазақстан мен Қырғызстандағы әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Жанжалдан кейін қыздар көпшілік алдында кешірім сұрады.
12:08
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.