«Кәдеге жараған жалғыз тіл»: турист қазақ тілінің Қытайдағы қолданысы жайлы айтты

Бойжеткеннің жазбасы Threads желісінде қызу талқыланып жатыр.


16/11/2026
11:22 0

Қазақстандық турист Қытайдың Үрімші қаласына сапары кезінде өзі білетін бес тілдің ішінен ең қажетіне жарағаны қазақ тілі болғанын айтты. Оның сөзінше, қаладағы кейбір мекемелерде қазақша сөйлейтін қызметкерлер де арнайы жұмыс істейді. 

 

Өзін eternal.dream69 деп таныстырған желі қолданушысы Қытайдың батысындағы Үрімші қаласындағы кейбір мекемелердің маңдайшаларында кирилл қарпімен жазылған қазақша жазуларды кездестіруге болатынын атап өтті.

«Үрімшіде өзім білетін бес тілдің ішінен тек қазақ тілі ғана кәдеге жарады. Тіпті қазақ тілі Қазақстанның өзіне қарағанда мұнда көбірек қажет сияқты көрінді», – деп жазды ол.

Туристің айтуынша, әсіресе ұйғырлар тұратын аудандардағы қарым-қатынас ерекше назар аудартқан. Сауда орталықтарында, дәріханалар мен дәмханаларда ол және бірге барған адамдар жергілікті ұйғырлармен қазақша сөйлескен. Ал олар ұйғыр тілінде жауап берген. Соған қарамастан, екі тарап бір-бірін еш қиындықсыз түсінген.

«Ұйғырлардың ерекше ақкөңілдігі мен қонақжайлығын да атап өткім келеді. Қазақстаннан келгенімізді білген бойда бізге көмектесуге асығып, жөн сұрап, бұрынғыдан да жылы шырай танытты. Мұндай ықыласты көріп, қатты қуандым», – деп жазды саяхатшы.

 Жазбаға пікір қалдырғандар да Қытайға сапар кезінде қазақ тілін талай рет қолданғандарын айтып, өз оқиғаларымен бөлісті. Олардың бірі жергілікті тұрғындардың туристермен ағылшынша немесе орысша сөйлесуге құлықсыз екенін, ал қазақ тілін түсінетіндер Қытайда аз емес екенін жазған.

«2024 жылы Үрімшіге барғанымызда қазақ тілі көп көмектесті. Қырғыздармен, ұйғырлармен, дүнгендермен сөйлестім. Бір мейрамханада қандастарымызды да кездестірдік», – деп жазды желі қолданушысы.

Поделиться

Нет комментариев.

16/11/2026 11:22
0

Уведомление