Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты
Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды.
Оқиғаның мән-жайы
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында болған.
Ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 19 әскери қызметшіні теңіз алып кеткен. Қазіргі уақытта олардың тоғызының қаза болғаны анықталды. Үш әскери қызметші құтқарылды, оның біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Құтқару жұмыстарына авиация да жұмылдырылды
– Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды, – делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Олардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетіні хабарланды.
Қылмыстық іс қозғалды
Бас прокуратура әскерилердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, қазір оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу жүріп жатыр. Жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
– Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған бірқатар әрекет жүргізіліп жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалған, – дейді Бас прокуратура.
14:16
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.