Каспийдегі апаттан аман қалған үш сарбаз үйіне оралды
Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған мерзімді әскери қызметтегі матростар жақындарымен қауышты.
Үш сарбаздың бақытты сәті
Желіде сарбаздардың туған-туыстарымен қауышқан видеолары тарап жатыр.
Жаңаөзенге алғашқылардың бірі болып 19 жастағы Ақжол Темерхан оралды. Жас жігіт елге қайтар алдында жарақатына байланысты ем қабылдап, оңалтудан өткен соң ауруханадан шыққан.
Жақындарымен кездесуі әскери қызметтен босатылған кездегідей дәстүрлі салтанатсыз өтті. Музыка да, мерекелік шара да болған жоқ. Оның орнына Ақжол ата-анасымен бірге қаза тапқан 14 қаруласының отбасына арнайы барып, көңіл айтуды ұйғарған.
Кейінірек аман қалған тағы екі матрос – Қуандық Бекет пен Никита Удалов та туған-туыстарына оралды. Әлеуметтік желілерде олардың перронда жақындарымен қауышқан сәттері түсірілген кадрлар тарады.
Үш әскери қызметшінің де қиын жағдайда қаруластарын құтқару кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградаға ие болғаны белгілі болды.
Қуандық Бекет, Никита Удалов және Ақжол Темерхан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Каспийдегі қасірет
Еске салайық, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде болған. Жел күрт күшейіп, соның салдарынан бір топ әскери қызметшіні теңіз алып кетті.
Бастапқыда Қорғаныс министрлігі теңізге 19 адам кеткенін хабарлаған. Кейін билік олардың саны 17 болғанын нақтылады. Оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты.
Маңғыстау облысының тұрғындары ауа райының қолайсыз болатыны алдын ала белгілі болғанын мәлімдеді.
Қайғылы оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау фактісі бойынша, екіншісі – кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактісі бойынша тергеліп жатыр.
14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты Қазақстан Қарулы күштерінің жоғары және аға басшылық құрамындағы бес өкілі ұсталды. Күдіктілердің қатарында Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы бар. Бұдан бөлек, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі ұсталған.
Сондай-ақ, халықтың талап етуінен кейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды.
08:26
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.