Италияға оқуға аттанғалы отырған қазақстандық студенттер қиындыққа тап болды

Италия университеттеріне оқуға түскен қазақстандық студенттер құжат рәсімдеу кезінде қойылған жаңа талапқа шағымданды.


12/09/2026
14:01 0

ЖАҢА ТАЛАП

 

Студенттердің айтуынша, енді студенттік виза алу үшін CIMEA сертификаты (шетелдік дипломдарды растау құжаты) талап етілуі мүмкін. Бұл талап білім туралы құжаттың құндылығын растайтын декларацияны (Dichiarazione di Valore, DDV) рәсімдеп қойған немесе оған құжаттарын тапсырып қойған студенттерге де қатысты болуы ықтимал.

 

Студенттердің жазуынша, CIMEA туралы ақпарат 11 қыркүйекте пайда болған. Ол кезде олардың көпшілігі Италия университетіне түсу процесінің басым бөлігін аяқтап қойған.

 

Бірнеше ай ішінде студенттер университетке қабылданғаны туралы растау алып, Universitaly жүйесінен тіркеуден өткен, құжаттарын аударып, апостильдетіп, қажетті алымдарды төлеген және DDV рәсімдеген. Бұған дейін DDV шетелдік дипломды растаудың тәсілдерінің бірі ретінде қабылданып келген. Енді құжат рәсімдеудің соңғы кезеңінде олардан CIMEA сертификаты да қажет болуы мүмкін екені айтылған.

– Біз талап етіліп отырған құжатты студенттік визаға өтініш қабылдау мерзімі аяқталғанша алып үлгермейміз, – дейді студенттер.

CIMEA сертификатын рәсімдеу 60 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін. Негізгі мәселе – уақыттың тығыздығы. CIMEA сертификатын рәсімдеуге 60 жұмыс күніне дейін уақыт кетуі мүмкін. Ал студенттік визаға құжат қабылдау мерзімі 30 қарашаға дейін жалғасады.

 

Бұған қоса, өтініш берушілер CIMEA платформасында техникалық мәселелер туындап отырғанын айтып отыр. Атап айтқанда, төлем жасау және рәсімдеу процесін бастау кезінде қиындықтар бар.

СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨТІНІШІ

Өтініш авторлары өздеріне ерекше жағдай жасауды талап етпейтінін атап өтті. Олар құжаттарын бұрынғы талаптарға сәйкес рәсімдеуді бастап кеткен студенттер үшін DDV-ді қабылдауды сақтауды сұрап отыр.

 

Ал егер CIMEA сертификатын міндетті талап ету туралы шешім шынымен қабылданса, оны келесі оқу жылынан бастап енгізуді ұсынады.

– Біз жағдай қайта қаралады және құжаттарын бұрын қолданыста болған талаптарға сәйкес рәсімдеуді бастап кеткен студенттер үшін өтпелі кезең қарастырылады деп үміттенеміз, – деп жазған оқуға түскен студенттердің бірі.

CIMEA ЖАЙЛЫ

CIMEA – Италияның академиялық ұтқырлық пен білім беру біліктіліктерінің сәйкестігі жөніндегі ұлттық ақпараттық орталығы.

 

Орталық шетелдік дипломдарды тексерумен, олардың түпнұсқалығын және Италияның білім беру жүйесіне сәйкестігін растаумен айналысады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/09/2026 14:01
0

Уведомление