HomeView: Apple-дің жаңа девайсы қандай қызмет атқарады және бағасы неге арзан
Компания үйге арналған алғашқы ақылды дисплейін таныстырды.
Жаңа құрылғы несімен ерекшеленеді?
Apple енді үйге арналған ақылды құрылғылар нарығына қадам басып, экраны, дауыстық көмекшісі және ақылды үй жүйесін басқару мүмкіндігі бар шағын дисплейін шығарды.
Apple HomeView деп аталатын жаңа құрылғы 2026 жылғы 13 қазанда таныстырылды. Ол үйдегі көмекші, мультимедиа жүйесі әрі түрлі смарт-құрылғыны басқаратын панель қызметін қатар атқарады.
HomeView 7 дюймдік Liquid Retina экранымен, алюминий корпусымен және динамиктер орнатылған тұғырмен жабдықталған. Экранды еңкейтіп, көру бұрышын реттеуге болады. True Tone технологиясы кескіннің түсін бөлмедегі жарыққа бейімдейді, ал экран жарықтығы тәулік уақыты мен айналадағы жағдайға қарай автоматты түрде өзгереді. Құрылғының интерфейсі де пайдаланушыға қарай икемделеді: алыстан қарағанда негізгі виджеттерді көрсетсе, жақындағанда қосымша ақпаратты шығарады.
Құрылғы A18 процессорымен жұмыс істейді және пайдаланушыға бейімделген қызмет көрсету үшін Apple Intelligence жүйесін қолданады. Ол бір үйдегі алты адамға дейін танып, әрқайсысына жеке басты экран ұсына алады. Жеке хабарламалар, күнтізбе мен еске салғыштар құрылғының қауіпсіздік баптауларына сәйкес көрсетіледі.
Apple дыбыс сапасына да ерекше мән берген. Кіріктірілген аудиожүйе дыбысты кеңістікте таралғандай етіп жеткізетін Spatial Audio технологиясын қолдайды. HomeView жаңартылған Siri дауыстық көмекшісімен де жабдықталған. Ол пайдаланушымен диалог құрып, экранда көрсетіліп тұрған ақпаратты ескере алады.
HomeView-дің бағасы қанша
HomeView-дің бастапқы бағасы – 299 доллар. Осы бағасымен ол Apple-дің үйге арналған ақылды құрылғылары арасындағы ең қолжетімді өнімдердің біріне айналып отыр. Тіпті компанияның негізгі құрылғыларымен салыстырғанда да бағасы төмен санатқа жатады (аксессуарларды есептемегенде).
Apple осылайша пайдаланушыларға ақылды үй экожүйесіне қолжетімді бағамен қосылуға мүмкіндік бермек. HomeView бір құрылғының өзінде үйдегі жалғанған гаджеттерді басқару, мультимедиа қызметтерін пайдалану және Apple Intelligence мүмкіндіктерін ұштастырады.
Құрылғыға алдын ала тапсырыс беру басталып кетті. HomeView сатылымы 13 қарашада Apple сайты мен Apple Store қолданбасы арқылы басталады.
фото: Apple
15:41
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.