Грекияда 14 мың адам қымбатшылыққа қарсы ереуілге шықты
Ереуіл салдарынан Афина метросының жұмысы бұзылып, порттардағы паромдар қозғалысы тоқтады.
25 қарашада Грекияның түкпір-түкпірінде мыңдаған адам наразылық акциясына шықты. Тұрмыс шығынының қымбаттауы мен жалақының өспеуіне қарсы ұйымдастырылған 24 сағаттық ереуіл метро жұмысын бұзып, әуе рейстерін тоқтатты, паромдар порттардан шыға алмай қалды.
Полицияның мәліметінше, кәсіподақтардың ереуілге шақыруына қолдау білдіріп, Афина мен Салоникиде шамамен 14 мың адам көшеге шыққан. Ереуілге мемлекеттік қызметкерлердің, порт жұмысшылары мен мұғалімдердің кәсіподақтары үн қосқан.
Ел астанасында шерушілер қолдарына үндеулер жазылған плакаттар мен қызыл жалаулар ұстап, Грекия парламентінің алдына жиналды. Арнайы полиция жасағының бақылауымен олар ұрандар айтып, наразылық білдірді. Жұмысшылар, студенттер мен зейнеткерлер жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруды талап етті. Өйткені күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп отыр.
Ереуіл салдарынан Афина метросының жұмысы бұзылып, порттардағы паромдар қозғалысы тоқтады. Сондай-ақ 15 аймақтық әуежайдан ұшатын және оларға келетін рейстер тоқтатылды.
Грекия экономикасы биыл 1,8%-ға өседі деп болжанып отыр. Бұл еуроаймақтағы орташа өсімнен (1,1%) жоғары. Алайда экономикалық өсімге қарамастан, елдегі көптеген отбасының күнкөрісі қиындаған. Елдегі ең төменгі айлық жалақының жалпы мөлшері – 968 еуро. Ал пандемиядан кейін туризмнің қарқынды дамуына байланысты баспана мен жалдау ақысы күрт қымбаттаған. Грекияның ұлттық статистика қызметі Elstat мәліметінше, қазан айында жылдық инфляция 5,7%-ға жеткен.
09:08
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.