Граффити: өнер мен құқық бұзушылықтың ара жігін қалай ажыратамыз?
Қазақстанда ғимараттарға мурал салу үшін әкімдік пен нысан иесінің рұқсатын алу міндетті. Ал өзгенің мүлкіне рұқсатсыз жазу немесе сурет салу жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
ІІМ түсініктемесі
Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха рұқсат етілген мурал мен меншік иесінің келісімінсіз салынған граффитидің айырмашылығын түсіндірді.
«Егер ғимаратқа көлемді мурал әкімдік пен меншік иесінің келісімімен салынса, оған қатысты мәселе жоқ. Ал біреу өз бетінше бөтен ғимараттың немесе қоршаудың қабырғасына сурет салуды шешсе, мұндай әрекет үшін жауапкершілік қарастырылуы мүмкін», – деді ІІМ басшысының орынбасары.
Қазір қандай талап бар?
Вице-министрдің айтуынша, меншік иесінің рұқсатынсыз ғимараттар мен қоршауларға жазу немесе сурет салуға болмайды. Қазіргі таңда мұндай әрекет кем дегенде ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылуы мүмкін.
Сонымен қатар ІІМ-ге граффити салуға байланысты құқық бұзушылықтың нақты құрамын заңда жеке көрсету тапсырылған. Бұл жауапкершілікке тарту кезінде әртүрлі түсіндіруге жол бермеу үшін қажет.
ІІМ-нің ұсынысы
Ведомство Әділет министрлігі және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, граффитиге қатысты арнайы бап енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Қазір баптың тұжырымдамасы мен онда қарастырылатын жауапкершілік түрлері талқылануда. Ұсынысты Құрылтайдың қарауына шығару жоспарланып отыр. Соңғы шешім талқылау нәтижесі мен қабылданатын заңнамалық өзгерістерге байланысты болады.
Граффитиге қатысты тыйым
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық ғимараттардың қабырғаларын рұқсатсыз бояп, сурет салатындарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырған. Президент бұл тапсырманы 19 қыркүйекте республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сөзінде айтты.
Кейін премьер-министр Олжас Бектенов тапсырманы орындауға қатысты кеңес өткізіп, ІІМ-ге Қазақстанда граффитидің барлық түріне қатысты заңнамаға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
фото: artsschool.ru
13:04
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.