Футбол матчы Түркия мен Грузия арасында жанжал тудырды

26 қарашада Батумиде өткен кездесуде түркиялық жанкүйерлер Палестина туын көтеріп, Израильге қарсы ұрандатқан.


27/11/2026
11:12 0

Түркияның «Бешикташ» клубы мен Израильдің «Хапоэль» командасы арасындағы Еуропа лигасының матчы жанкүйерлер мен Грузия полициясы арасындағы қақтығысқа байланысты тоқтатылды. Жанкүйерлер мінбердегі орындықтарды полицияға лақтырған. Құқық қорғау қызметкерлері бұрыш спрейін қолданды. Оқиға кезінде 16 адам ұсталды. Жағдайға екі елдің министрлері мен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған араласты.

 

26 қарашада Батумиде өткен кездесуде түркиялық жанкүйерлер Палестина туын көтеріп, Израильге қарсы ұрандатқан. Ойынның 26-минутында трибунада қақтығыс шығып, төреші матчты тоқтатты.

 

Грузия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, үш полиция қызметкері жарақат алған. Ведомство күш қолдануға Палестина тулары себеп болды деген ақпаратты жоққа шығарды. Ал Грузия тарапы жанжал жанкүйерлер стадионға келе жатқанда басталғанын мәлімдеді. «Бешикташ» басшылығы грузин полициясын күшті шамадан тыс қолданды деп айыптап, УЕФА мен Түркияның Батуми қаласындағы бас консулдығына шағымданды.

 – Әр жанкүйеріміз елге аман-есен оралғанша, жағдайды жіті бақылауды жалғастырамыз, – делінген клуб мәлімдемесінде.

Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан грузиялық әріптесі Мака Бочоришвилимен, ал екі елдің ішкі істер министрлері өзара телефон арқылы сөйлесті.

 

Ердоған «Бешикташ» президенті Сердал Адалыға да хабарласты. Зардап шеккен жанкүйерлерге клубтың басты қарсыластары «Галатасарай», «Фенербахче» және «Трабзонспор» да қолдау білдірді.

 

Ал УЕФА стадиондағы қауіпсіздікке өзі жауап бермейтінін, күш қолдану туралы шешімді жергілікті билік қабылдағанын мәлімдеді. Ұйымның нұсқасы бойынша, полиция әуелде «Бешикташ» жанкүйерлерінің өзара қақтығысын тоқтату үшін араласқан. Жарты сағатқа жуық үзілістен кейін ойын жалғасып, түркиялық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті. Енді УЕФА оқиғаның мән-жайын тексермек.

Поделиться

Нет комментариев.

27/11/2026 11:12
0

Уведомление