Франциядағы тәртіпсіздіктер: Парижде коменданттық сағат енгізілді

2026 жылғы 19 қазаннан бастап Францияның бірнеше қаласында, соның ішінде Парижде де жаппай тәртіпсіздікке байланысты коменданттық сағат енгізілді.


20/10/2026
09:17 0

Euronews басылымының  жазуынша, Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню  префектілерге жаңа тәртіпсіздіктер мен тонау оқиғаларының алдын алу үшін қалалардың жекелеген аумақтарында ғана қатаң шектеу енгізуді тапсырған. Бұл шешім өткен демалыс күндері елдің түкпір-түкпірінде болған зорлық-зомбылық әрекеттерінен кейін қабылданды. Сол кезде қала әкімдіктері мен өзге де қоғамдық ғимараттарға, сондай-ақ жүздеген дүкенге шабуыл жасалған.

 

Бұл тапсырманы алғашқылардың бірі болып ел астанасының билігі орындады. Парижде коменданттық сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін Республика алаңында (наразылық шараларының негізгі ошағына айналған) және Ле-Аль ауданында қолданылады.

 

Ал Ницца қаласының орталығында шектеу шаралары кешкі сағат 21:00-ден бастап күшіне енеді. Ол тек кәмелетке толмағандарға қатысты. Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, шектеу Ниццаның орталығын, Ескі Ницца ауданын және Трашель көшесінен Gare du Sud оңтүстік теміржол вокзалына дейінгі аумақты қамтиды.

 

Коменданттық сағат елдің солтүстігіндегі Нор департаментінде де енгізілді. Шектеу Лилль, Ваттиньи, Дуэ және Денен қалаларының жекелеген аудандарында қолданылады.

 

Бұл қалаларда кәмелетке толмағандарға арналған шектеу дүйсенбі күні кешкі сағат 20:00-ден таңғы 06:00-ге дейін күшіне енді. Шара небәрі екі түнге белгіленген.

«Сенбі күні зорлық-зомбылықтың аса қатыгез болғанына және материалдық шығынның орасан зор екеніне қарамастан, ешкім қаза тапқан жоқ. Бұл – нағыз ғажайып», – деді Себастьен Лекорню дүйсенбі күні Париждегі Ішкі істер министрлігінде өткен ведомствоаралық дағдарыс штабының отырысынан кейін.

 Премьер-министр тәртіпсіздік ұйымдастырған агрессивті топтарды тоқтатуға мәжбүр болған полиция қызметкерлерінің әрекетін де қолдады.

Поделиться

Нет комментариев.

20/10/2026 09:17
0

Уведомление