Франциядағы оқушылар наразылығы: 2 мыңға жуық адамды ұсталды
Францияда 1 қазанда жоғары сынып оқушыларының наразылығы кезінде 1 949 адам ұсталды.
Оқушылардың талабы қандай?
AFP жазуынша, наразылық акциялары осыдан шамамен бір апта бұрын басталып, елдің бірнеше өңіріне тарады. Париж, Нант, Марсель, Страсбург, Бордо, Лилль, Лион, Ренн және Кан қалаларында, сондай-ақ Париж маңындағы Сен-Дени мен Обервильеде мектептерде наразылық акциялары өтіп, оқу орындарының жұмысы бұғатталды.
Жоғары сынып оқушылары білім саласына қосымша қаржы бөлуді, сабаққа келмейтін мұғалімдердің орнын дер кезінде толтыруды және мектеп ғимараттарын жөндеуді талап етіп отыр. Олар оқу кестесінің шамадан тыс тығыздығына да шағымданған. Наразылыққа студенттер де қосылды.
Наразылық білдірушілер лицейлердің кіреберістерін жауып тастаған. Кейбір қалаларда оқу орындарының маңындағы қоқыс жәшіктері өртеліп, аялдамалар қираған, күштік құрылым өкілдеріне түрлі заттар лақтырылған. Полиция көзден жас ағызатын газ қолданды. Наразылыққа қосылған кейбір адамдар күш қолдану әрекеттеріне барып, мүлікке зиян келтірген.

Оқу орындарының басшыларына шабуыл
Нант қаласында болған өрттен Нельсон Мандела атындағы лицейдің кіреберісі, шатыры және бірнеше оқу бөлмесі зақымданды. Оқушылар мен қызметкерлер эвакуацияланды. Сондай-ақ бірнеше өңірде оқу орындарының басшыларына шабуыл жасалғаны хабарланды.
Биліктің мәліметінше, бір күн ішінде лицейлердің маңында шамамен 900 наразылық акциясы тіркелген. Ішкі істер министрлігі 2 мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда олардың арасында қанша оқушы бары нақтыланбады.
Жағдай ушыға түскен тұста премьер-министр Себастьен Лекорню ведомствоаралық дағдарыс жөніндегі кеңес шақырып, министрлерден алдағы күндерге жоспарланған сапарларын кейінге қалдыруды сұрады.
Білім министрі Эдуар Жеффре оқу ғимараттарының бүлінуі немесе оқу орындарының бұғатталуы оқушыларды қауіпсіз қабылдауға мүмкіндік бермеген жағдайда сабақтарды қашықтан өткізуге көшуді тапсырды. 2 қазанға оның кәсіподақ өкілдерімен, оқушылармен және ата-аналармен кездесуі жоспарланған.
10:08
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.