Фейктер екі есе көбейген: жалған ақпарат қай салаларда жиі тарайды

Қазақстанда соңғы үш айда анықталған жалған ақпарат саны 85,7%-ға өскен.


08/10/2026
11:23 0

Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы Дезинформацияға қарсы күрес орталығының мәліметінше, көбіне жалған ақпарат армия, құқық қорғау органдары және әлеуметтік салаға қатысты болған. II тоқсанда мамандар 28 жағдайды анықтаса, III тоқсанда бұл көрсеткіш 52-ге жеткен.

 

Шілдеде – 17, тамызда – 11, қыркүйекте – 24 жалған ақпарат анықталған. Яғни тоқсандағы барлық жағдайдың 46,2%-ы қыркүйекке тиесілі. Орталық мұны Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға қатысты жалған ақпараттың көп тарауымен байланыстырады. Өйткені қыркүйекте анықталған 24 жағдайдың 12-сі Қарулы күштерге қатысты болған.

 

Фейктер көбіне қандай тақырыптарды қамтыған

 

Үшінші тоқсанда жалған ақпараттың басым көпшілігі әскери салаға қатысты тараған – 12 жағдай немесе 23,1%.

 

Екінші орында заң, құқықтық тәртіп және құқық қорғау органдарының қызметі тұр – 10 жағдай (19,2%).

 

Одан кейінгі орындарда:

  • әлеуметтік саясат және білім – 7 жағдай (13,5%);
  • инфрақұрылым және энергетика – 6 (11,5%);
  • халықаралық қатынастар – 4 (7,7%);
  • қаржы саласы – 4 (7,7%);
  • табиғи және экологиялық қауіпсіздік – 4 (7,7%);
  • денсаулық сақтау – 3 (5,8%).

 

Тағы бір-бір жағдай қоғамдық-саяси сала мен тұтынушылардың қауіпсіздігіне қатысты болған.

 

Жалған ақпарат қалай таратылған

 

Мамандардың айтуынша, фейк авторлары көбіне шынайы оқиғаларды негізге алып, оның мән-жайын немесе жекелеген деректерін өзгерткен.

 

Ең жиі қолданылған тәсіл – расталмаған ақпарат қосып, жағдайды эмоциялық тұрғыдан ушықтыру. Мұндай 14 жағдай анықталған (26,9%).

 

Тағы 12 жағдайда фактілер мен оқиғаның мәнмәтіні бұрмаланған. 11 жағдайда заң нормалары мен ресми рәсімдер қате түсіндірілген.

 

Жеті жағдайда фейк таратушылар мұрағаттағы материалдарды пайдаланған немесе басқа елді мекендердегі оқиғаларды Қазақстанда болған жағдай ретінде көрсеткен.

 

Фейктер қай өңірлерде көп тараған

 

52 жағдайдың 30-ы бүкіл республикаға тараған. Қалған 22-сі жекелеген қалалар мен өңірлерге қатысты.

 

Өңірлер арасында Маңғыстау облысы көш бастап тұр – мұнда 10 жағдай анықталған. Олардың барлығы Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғаға қатысты ақпараттық манипуляцияларға байланысты.

 

Астана мен Жамбыл облысында екі жағдайдан анықталған. Алматы, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкентте бір-бір жағдай тіркелген.

Поделиться

Нет комментариев.

08/10/2026 11:23
0

Уведомление