Еуропада хакерлер дүкен тоңазытқыштарын жаппай шабуылдап жатыр

Сарапшылар жасанды интеллект мұндай шабуылдардың ауқымын одан әрі ұлғайтуы ықтимал екенін ескертеді.


03/11/2026
12:17 0

Еуропаның бірнеше елінде хакерлер супермаркеттердің тоңазытқыштары мен мұздатқыштарын бұзып, салқындату жүйелерінің жұмысын тоқтатқан. Салдарынан азық-түлік бұзылып, дүкендерге миллиондаған шығын келуі мүмкін. 

 

Euronews мәліметінше, соңғы кибершабуылдар Бельгия, Люксембург, Эстония, Нидерланд және Ирландиядағы супермаркеттерге әсер еткен. Швецияда да кемінде бір дүкен тоңазытқыштарының істен шығуына кибершабуылды себеп деп атаған.

 

Бұл оқиғалар Францияда болған ірі шабуылдан бірнеше апта өткен соң тіркелді. Ол кезде шамамен 500–700 супермаркеттің мұздатқыштары істен шығып, ішіндегі температура 50 градусқа дейін көтерілген.

 

Әзірге ешбір хакерлік топ шабуылдарға жауапкершілікті мойнына алған жоқ. Франция билігі 12 қазандағы шабуылға халықаралық күштердің қатысы болуы мүмкін деп санайды. Алайда ресми айып тағылған жоқ.

 

Неге тоңазытқыштарды шабуылдайды?

 

Супермаркеттердегі тоңазытқыштар, мұздатқыштар, жылыту және күзет жүйелері қазір интернетке қосылып, қашықтан басқарылады. Бұл дүкен иелеріне жабдықтың жұмысын бақылауды жеңілдеткенімен, хакерлер үшін де осал тұсқа айналған. Киберқылмыскерлер жүйеге кірген соң құрылғының баптауларын өзгертіп, жұмысын тоқтата алады. Сондай-ақ пайдаланушылардың есептік жазбаларын бұғаттап, жүйедегі деректерді жинауы мүмкін.

 

Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы, Ygreky компаниясының негізін қалаушы Марта Рыбчиньскаяның пікірінше, мұндай шабуылдардың мақсаты тек қаржылық пайда табу емес. Хакерлер қоғамда үрей туғызуды немесе бұдан да ауқымды шабуылдарға дайындық жасауды көздеуі мүмкін.

 

Оның пайымдауынша, Франциядағы оқиғадан кейін басқа елдердегі супермаркеттер де қауіпсіздік шараларын күшейтуі керек еді. Алайда дүкендер өздерін кибершабуыл нысанасына айналуы мүмкін деп есептемеген.

«Мұндай құрылғыларға шабуыл жасау оңай. Оған қажетті нұсқаулықтар интернетте ашық жарияланған», – дейді сарапшы.

ЖИ қауіпті күшейтуі мүмкін

Critical Cyber компаниясының негізін қалаушы Павлина Павлованың айтуынша, супермаркеттердегі салқындату жүйелерінің осалдығы шабуылдардың жалғасуына себеп болуы мүмкін.

 

Мәселен, Францияда істен шыққан құрылғылардың бірқатары ескі үлгідегі бақылау құрылғыларымен жабдықталған. Оларға қауіпсіздік жаңартулары енді орнатылмайды. Ал жүйедегі осал тұстар 2025 жылдан бері белгілі болған.

 

Сарапшының сөзінше, жасанды интеллект кибершабуылдарды бұрынғыдан да жеңіл әрі жылдам жасауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен жүйелердегі осал тұстарды автоматты түрде анықтап, оларды пайдалануға болады. Мұндай шабуылдарды ауқымды түрде ұйымдастыру да оңайлай түседі. Ал қорғаныс жүйелеріндегі осалдықтарды дәл осындай жылдамдықпен жою әзірге қиын.

«Жағдай жақсармай тұрып, алдымен нашарлауы мүмкін», – деп ескертеді Павлина Павлова.

Поделиться

Нет комментариев.

03/11/2026 12:17
0

Уведомление