«Ешкім жазасыз қалмайды»: Астана әкімі вандалдардың әрекетіне шүйлікті
Астанада бөтеннің мүлкін және коммуналдық меншікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 адам жауапқа тартылған.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қала мүлкін бүлдіргендер жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Әкім вандализм және қоғамдық кеңістікке құрметсіздік таныту жағдайларына тоқталды.
Атап айтқанда, тұрғындардың аялдама павильондарын, қоқыс жәшіктерін, орындықтарды, мүсіндерді, абаттандыру нысандары мен басқа да қала инфрақұрылымын бүлдіретін жағдайлары бар. Құқық бұзушылардың арасында кәмелетке толмағандар да кездеседі.
Әкімнің ескертуі
Астана әкімі қоғамдық мүлікке деген көзқарас адамның мәдениеті мен тәрбиесінің көрсеткіші екенін атап өтті.
«Қалада жасалып, абаттандырылып жатқанның бәрі, ең алдымен, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынады. Қала инфрақұрылымын бүлдіргендер тек қалаға зиян келтіріп қана қоймай, осы көшелермен күн сайын жүретін тұрғындар мен елорда қонақтарына, соның ішінде өз туыстары мен жақындарына да қолайсыздық тудырады», – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Астанада бөтеннің және коммуналдық мүлікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 адам жауапқа тартылған. Сондай-ақ қоғамдық орындарды ластауға байланысты 928 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Бұдан бөлек, қалада есірткі жарнамасы ретінде қолданылатын граффитилер де белсенді түрде өшіріліп жатыр. Полиция қызметкерлері көшелерді күн сайын патрульдеп, құқық бұзушыларды анықтайды. Қалада бейнебақылау камераларының саны да жыл сайын артып келеді.
Қатаң жазаланады
Әкім заң бұзушылықтың ешқайсысы жазасыз қалмайтынын атап өтті.
«Маңыздысы – бірде-бір құқық бұзушылық жазасыз қалмайтынын түсіну керек. Қоғамда заң бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік пен қоғамдық айыптау қалыптасуы тиіс. Заңға сәйкес, қоғамға жат әрекеттері үшін қатаң жаза қолданылады, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін», – делінген жазбада.
Әкім кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылатынын айтты. Ол тұрғындар мен елорда қонақтарын қалаға ұқыпты қарауға шақырды.
11:49
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.