Esentai Tower-дан екі есе биік: Алматыда 300 метрлік зәулім мұнара салынуы мүмкін
Алматыдағы Сайран көлінің маңында Орталық Азиядағы ірі коммерциялық орталықтардың бірі бой көтеруі мүмкін.
Жоба аясында биіктігі 100-150 метрлік ғимараттар мен 300 метрден асатын мұнара салу ұсынылған.
Тұжырымдаманы Қытайдың CITIC DESIGN сәулет компаниясы Алматыда өткен SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық сәулет форумында таныстырды. Компания өкілі Уилсон Ванның айтуынша, мұнара қаланың жаңа сәулеттік нышанына айналуы мүмкін. Жобаны әзірлеуде Алматының сейсмикалық ерекшеліктері ескеріліп, заманауи ғимараттарды қаланың қалыптасқан сәулеттік ортасымен үйлестіру көзделген.
Әзірге бұл – сәулетшілердің ұсынысы ғана. Құрылыс мерзімі, инвестиция көлемі мен мұнараның нақты мақсаты жарияланған жоқ.
Сайран мен Тастақ аумағында зәулім ғимараттар шоғырланған жаңа іскерлік квартал құру идеясы бірнеше айдан бері талқыланып келеді. 2026 жылғы шілдеде «Алматыгенплан» институтының басшысы Асхат Садуов бұл аумақты Алматының өзіндік даунтаунына айналдыру жоспары туралы айтқан.
Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілетін түзетулер аясында Сайран маңындағы 217 гектар аумақты жаңарту да қарастырылған. Мұнда коммерциялық аймақ, тақырыптық квартал, көлік пен жаяу жүргіншілерге арналған көпір және қоғамдық кеңістік салу ұсынылған.
Қазір Алматыдағы ең биік ғимарат – 168 метрлік Esentai Tower. Қытай сәулетшілері ұсынған мұнара одан екі есеге жуық биік болуы мүмкін. Дегенмен, Алматыда биік ғимараттар салу үшін сейсмикалық қауіпсіздікпен қатар, көлік жүктемесін, инженерлік инфрақұрылымның мүмкіндігін және ауа айналымына ықпалын ескеру қажет. Сондықтан Сайран маңындағы мұнараның нақты биіктігі мен жобаның жүзеге асу мүмкіндігі әзірге белгісіз.
11:18
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.