Эпштейн шырғалаңы: Билл Гейтс аяқ астынан Үндістандағы саммитке қатысудан бас тартты
Оның бұл шешіміне Эпштейн ісіне қатысты тексерулер себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Masa media.
фото: nypost.com
Толығырақ
Reuters агенттігінің жазуынша, Билл Гейтс бейсенбі күні Үндістандағы AI Impact Summit саммитінің басталуына бірнеше сағат қалғанда шараға қатысудан бас тартты. Бұған АҚШ Әділет департаменті жариялаған электрондық хаттардан кейін Microsoft компаниясының негізін қалаушының америкалық қаржыгер, атышулы қылмыскер Джеффри Эпштейнмен байланысына қатысты тексерулердің күшеюі ықпал еткен болуы мүмкін.
Гейтстің шарада баяндама жасаудан кенет бас тартуы саммиттің онсыз да ұйымдастырылуы көңіл көншітпейтін, роботтарға қатысты жанжалмен беделі былғанған іс-шараны одан бетер тығырыққа тіреді.
Гейтстің орнына Gates Foundation қорының стратегия бойынша директоры және Африка мен Үндістан бойынша жетекшісі Анкур Вора сөз сөйледі.
Қор өкілі журналистердің «Гейтстің саммитке қатысудан бас тартуы Эпштейнге қатысты тексерулермен байланысты ма?» деген сұрағын жауапсыз қалдырды.
Эпштейн ісі
Еске салайық, Джеффри Эпштейннің ісі – ХХІ ғасырдың ең даулы оқиғаларының бірі. 2008 жылы кәмелетке толмағандарды жыныстық зорлық-зомбылық және оларды адам саудасына тартты деген айыппен сотталған Эпштейн 2019 жылы Нью-Йорк түрмесінде қайтыс болғанымен, оның артында қалған материалдар әлемді әбден дүрліктірді. АҚШ Әділет министрлігі 2025-2026 жылдары «Эпштейн ісі» деп аталатын миллиондаған құжатты, видеоны және суретті жариялап, қоғамға бұрын жасырылып келген деректерді ашық таныстырды.
Эпштейн файлдары – бұл адам саудасы, жыныстық қанау және ықпалды тұлғалармен байланыстар туралы 3 миллионнан астам парақ құжат, 2000-ға жуық бейне және 180 000-нан астам суреттердің жиынтығы. Жарияланған материалдардың ішінде Эпштейн мен оған жақын адамдардың қарым-қатынасы, бизнес және саяси элита арасында жүріп жатқан өзара байланыстардың кейбірі көрінеді.
12:51
84
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.