«Эпикалық қаһар» АҚШ-тағы ең қолдау таппаған операция деп танылды
28 ақпанда Дональд Трамп бастаған АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы қазірдің өзінде елдің қазіргі тарихындағы ең қолдау таппаған әскери науқанға айналып, президенттің рейтінгін күннен-күнге құлдыратып барады, деп хабарлайды Masa media.
Сауалнама нәтижелері
АҚШ-та жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері әдістемесі мен іріктемесіне қарай әр түрлі болғанымен, орта есеппен алғанда Вашингтонның әрекетін америкалықтардың шамамен жартысы құптамайтынын көрсетіп отыр.
CNN/SSRS жүргізген сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 59 пайызы Иранға соққы беру туралы шешімді қолдамайды (республикашылдар арасында бұл көрсеткіш небәрі 23 пайыз). Ал Квиннипэк университетінің зерттеуінде қатысушылардың 53 пайызы әскери науқанға қарсы екенін айтса, 40 пайызы қолдайтынын білдірген. Fox News сауалнамасы қоғам пікірі қақ жарылғанын көрсетті: азаматтардың 50 пайызы биліктің әрекетін қолдаса, дәл сонша бөлігі оны айыптайды.
Кейбір зерттеулер қоғамдық көңіл-күйдің қалай өзгеріп жатқанын да аңғартады. Ipsos дерегінше, соғыс басталған алғашқы күндері (28 ақпан – 1 наурыз) оны америкалықтардың 27 пайызы қолдаса, бір аптадан кейін (6–9 наурыз) бұл көрсеткіш 29 пайызға жеткен. Ал сын айтушылардың үлесі өзгеріссіз: 43 пайыз деңгейінде қалған. The Washington Post басылымы да әскери әрекетті жалғастыруды жақтайтындардың көбейгенін жазады: 1 наурызда – 25 пайыз болса, 6–9 наурызда – 34 пайызға өскен. Сонымен қатар операцияны тоқтатуды қолдайтындардың үлесі 47 пайыздан 42 пайызға төмендеген.
Осының бәрі Ирандағы операцияны АҚШ-тың қазіргі заман тарихындағы ең қолдау таппаған әскери науқанға айналдырып отыр. Gallup дерегіне сүйенсек, 2001 жылғы 11 қыркүйек терактілерінен кейін президент Джордж Буш–кіші бастаған Ауғанстандағы операцияны америкалықтардың 90 пайызы қолдаған. Ал 2003 жылы Иракқа жасалған басқыншылыққа 76 пайызы қолдау білдірген. 2014 жылы Барак Обама тұсында басталған Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекетіне» (ИМ – Ресейде тыйым салынған террористік ұйым) қарсы әскери іс-қимылды да азаматтардың 60 пайызы қолдаған еді.
«Эпикалық қаһардың» мақсаты қандай?
Ақ үй ресми түрде «Эпикалық қаһар» операциясының мақсатын былай түсіндіреді: Иранның баллистикалық зымыран қорын және оларды өндіретін инфрақұрылымды жою; Ислам Республикасының әскери-теңіз күштерін әлсірету; Тегеранның аймақтағы радикал топтарға қолдауын тоқтату; сондай-ақ Иранның ешқашан ядролық қаруға қол жеткізбеуін қамтамасыз ету. Бұған қоса Дональд Трамп АҚШ-тың Иран билігін ауыстыруға да мүдделі екенін аңғартқан. Ол бейнеүндеуінде ирандықтарды бомбалау аяқталғанша шыдай тұруға, кейін «билікті өз қолдарына алуға» шақырды.
Алайда Ipsos сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың тек 33 пайызы ғана президент әскери науқанның мақсатын жеткілікті түсіндірді деп санайды. Трамп операция бастапқы жоспарланған мерзімнен төрт-бес апта бұрын ілгерілеп жатыр деп мәлімдегенімен, респонденттердің 60 пайызы қақтығыс ұзаққа созылып кетуі мүмкін деп алаңдайды. Бұдан бөлек, сауалнамаға қатысқандардың үштен екісі – 67 пайызы – Таяу Шығыстағы шиеленіс бензин бағасының өсуіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді, ал 49 пайызы соғыс өздерінің экономикалық жағдайына кері әсер етеді деп есептейді.
Трамптың рейтингі
Бұл жағдай Дональд Трамптың рейтингінің төмендеуіне де әсер етіп отыр. Ол Ақ үйге қайта оралғаннан бері президенттің қызметін қолдау көрсеткіші біртіндеп құлдырап келеді: The New York Times келтірген сауалнамалардың ортақ нәтижесіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар айының соңында бұл көрсеткіш 51,8 пайыз болса, наурыздың ортасына қарай 40,9 пайызға дейін түскен. Сонымен қатар президенттің әрекетін құптамайтындардың үлесі артып отыр. Бұл көрсеткіш 1 наурызда, Иранға соққы берілгеннен кейінгі екінші күні, ең жоғары деңгейге – 56,6 пайызға жеткен. 13 наурызға қарай ол аздап төмендеп, 55,4 пайыз болды.
фото: Anadolu
16:40
27
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.