Ел күткен «Күлпәш» пен «Айтматов» фильмдері әзір көрсетілмейтін болды

Екі картинаның да авторлары премьера күнінің өзгергенін мәлімдеді.


11/11/2026
19:05 0

«Күлпәш» фильмнің премьерасы 10 қарашаға жоспарланған еді. Ал келесі күні картина көпшілік прокатқа шығуы керек болатын. Алайда Sataifilm киностудиясы көрсетілімнің кейінге шегерілгенін хабарлады.

– Қазір барлық қажетті рәсімді аяқтау үшін бізге қосымша уақыт қажет. Осы маңызды кешті бізбен бірге өткізуді жоспарлаған барша көрерменнен шын жүректен кешірім сұраймыз. Түсіністік танытып, қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Әзірше премьера мен фильмнің прокатқа шығу мерзімін шамамен бір аптаға шегеруді жоспарлап отырмыз. Жуырда кинотеатрларда көрерменмен қауышамыз деп үміттенеміз, – делінген хабарламада.

«Айтматов» фильмінің авторлары да премьераның кейінге қалғанын мәлімдеді.

– Бізге байланысты емес жағдайларға байланысты «Айтматов» фильмінің Қазақстан кинотеатрларындағы премьерасы белгісіз мерзімге шегеріледі, – деп хабарлады жоба авторлары.

Қырғызстандық режиссер Қаныбек Қалматов түсірген фильмде Шыңғыс Айтматов өмірінің күрделі кезеңі баяндалады. Фильмге Болот Тентимышов, Сергей Безруков және Равшана Куркова түскен.

 

Ал Ақан Сатаевтың «Күлпәш» тарихи драмасы Бейімбет Майлиннің осы аттас шығармасы негізінде түсірілген. Фильмде ашаршылық кезінде жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған қазақ отбасының тағдыры суреттеледі. Бас рөлдерді Гүлмира Хасанова мен Еркебұлан Дайыров сомдаған.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

11/11/2026 19:05
0

Уведомление