Эд Ширан Палестинаға қатысты даудан кейін жанкүйерлерінен кешірім сұрады
Британиялық әнші Эд Ширан АҚШ-тағы турынан рэпер Маклемордың шығарылуына байланысты туындаған даудан кейін алғаш рет сахнаға шықты.
Ширанның өкініші
Le Monde басылымының жазуынша, әнші Филадельфиядағы концертінде соңғы күндері болған оқиғаларға байланысты қателік жібергенін айтып, Газадағы жағдай туралы да пікір білдірді.
Ширанның концерті 19 қыркүйек кешке Lincoln Financial Field стадионында өтті. Әнші өнерін бастамас бұрын көрермендерге әдетте концертті мұндай мәлімдемемен ашпайтынын айтып, соңғы аптада болған оқиғаға тоқталды.
«Мен қателіктер жібердім және бұған шын жүрегіммен өкінемін», – деді әнші.
Оның айтуынша, соңғы апта өміріндегі ең ауыр кезеңдердің біріне айналған. Бұл сөзін көрермендер қошеметпен қарсы алды.
Әнші Газадағы жағдай жайлы не деді
Әнші концерттің басында Газада болып жатқан жағдайды «апатты, ақтауға келмейтін әрі өтеуі жоқ» деп сипаттады.
Ширан аймақтағы қирау көлемі мен бейбіт тұрғындар, соның ішінде балалардың қаза табуына алаңдайтынын айтты. Сондай-ақ ол Батыс жағалауда байқалған жүйелі әділетсіздікке көз жұма қарауға болмайтынын жеткізді.
Сонымен қатар әнші 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылын айыптап, оны «қорқынышты» әрекет деп атады.
Бұған дейін Ширан музыкасын саяси алаңға айналдырғысы келмейтінін айтқан еді. Алайда ол көпшілік алдында пікір білдірмеуі Палестинадағы жағдайға бейжай қарайды дегенді білдірмейтінін атап өткен.
Маклемор турдан неге кетті?
Жанжал Маклемордың АҚШ-тағы концерттер кезінде Палестинаны ашық қолдап, оны азат етуге шақыруынан кейін басталған.
Осыдан соң рэпер Ширанның Loop Tour турының АҚШ-тағы бөлігінен шығарылды. Ширан бұл шешімді өзі қабылдамағанын, оны тур ұйымдастырушылары қабылдағанын мәлімдеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірнеше стадион Маклемор бағдарламада қалса, оның өнер көрсетуіне рұқсат бермейтінін ескерткен.
Рэпердің кетуінен кейін тағы бірнеше өнерпаз турға қатысудан бас тартты. Олардың қатарында Билли Айлиштің ағасы Финнеас та болды.
Сондықтан Филадельфиядағы концертте Ширан сахнаға көрермендерді «қыздыратын» орындаушысыз шықты. Кейін оған бес музыкант қосылды. Әншінің айтуынша, олар оның әндерін небәрі бірнеше күннің ішінде үйреніп алған.
Концерт алдындағы наразылық
Концерт басталар алдында Lincoln Financial Field маңына Палестинаны қолдайтын бірнеше ондаған белсенді жиналды. Олар Палестина туын ұстап, ұрандар айтты. Наразылық шарасын полиция бақылауда ұстады.
Ширанның кейбір жанкүйерлері туындаған жағдайдан кейін концертке бару-бармауды ойлағанын айтса, енді бір бөлігі шараға бармай, наразылық акциясына қосылған. Соған қарамастан, концерт кезінде стадиондағы орындардың басым бөлігі толды.
Ширан болса өнерін жалғастырып, сахна музыка, махаббат, үміт пен бірлікке арналған кеңістік болып қалуы керек екенін айтты. Оның сөзінше, сахна сыртындағы келіспеушіліктер өнердің осы мақсатын өзгертуге тиіс емес.
фото: stars-news.ru
08:42
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.