Еңбекті бағалайтын жаңа марапаттар: «Шәмші Қалдаяқов» медалі кімдерге беріледі

Құрылтай «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.


07/10/2026
11:50 0

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, жаңа марапаттар музыка және бейнелеу өнері саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін мойындауға бағытталған.

«Мемлекет басшысы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгін қаралып отырған заң жобасы – Президенттің осы тапсырмасын орындауға бағытталған нақты қадам», - деді Жылқыбаева.

Заң жобасы аясында екі жаңа мемлекеттік ерекшелік белгісін енгізу ұсынылып отыр.

«Шәмші Қалдаяқов» медалі отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбек сіңірген азаматтарға берілмек.

Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы бейнелеу өнерінде жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік туындылары арқылы ұлттық көркем мәдениетті дамытуға үлес қосқан қайраткерлерге табысталмақ.

Ләззат Жылқыбаева мемлекеттік марапаттар жүйесін жетілдіру еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру саясатымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда кәсіби еңбекті мемлекеттік деңгейде бағалауға бағытталған марапаттар жүйесі соңғы жылдары кеңейіп келеді. Бұған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы енсе, 2024 жылдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріле бастады. Мәдениет пен өнер саласына қатысты жаңа марапаттар да еңбекқорлық пен кәсібилікті қоғамдық құндылық ретінде орнықтыруға ықпал етеді.

 

фото: gov.kz

 

Поделиться

Нет комментариев.

07/10/2026 11:50
0

Уведомление