Еңбекмин жәрдемақыдан ерікті түрде бас тартқандар санын жариялады

Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» қызметі eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді.


12/11/2026
11:08 0

2026 жылдың қазан айында «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» цифрлық қызметі іске қосылғалы бері оны 729 қазақстандық пайдаланған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

«Бұл қадам өздерін және отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтардың мемлекет көмегінен саналы түрде бас тартуы арқылы қоғамдағы жауапкершілік пен ынтымақтастықты көрсетеді», – делінген министрлік хабарламасында.

 Ведомствоның мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 36 әлеуметтік жәрдемақының 12 түрін тағайындау тәртібі өзгереді. Мемлекеттік қолдау ең алдымен көмекке шын мұқтаж азаматтарға бағытталады.

 

«Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» қызметі eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Ол жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алушыларға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, кейбір қолдау түрлерінен бас тарту туралы электронды өтініш беруге мүмкіндік береді.

 

Министрлік бұл шешім азаматтардың өз еркімен қабылданатынын, ешкімге міндеттелмейтінін атап өтті. Қызмет негізінен тұрмысы жақсы, отбасының қажеттілігін мемлекет көмегінсіз өтеуге мүмкіндігі бар адамдарға арналған. Егер азаматтың өмірлік жағдайы өзгерсе, ол тиісті әлеуметтік көмекті қайта тағайындау туралы өтініш бере алады. Өтініш қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.

 

Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov Mobile қосымшасындағы жәрдемақы алушыларға арналған «Отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы» қалай жұмыс істейтінін түсіндірген. Бұл құрал азаматтарға отбасының материалдық жағдайын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.

 

фото: altyn-orda.kz

Поделиться

Нет комментариев.

12/11/2026 11:08
0

Уведомление