Популярные тэги

Ең әдемі мереке таяп қалды: қазақстандық арулар қандай гүлге құмар?

Қазақтың қыз-келіншектеріне сыйланатын гүлдердің басым бөлігі – импорт. Өткен жылы елге 77,7 млн доллардың гүлдері жеткізілген.


03/03/2026
11:48 23 0

Раушанға сұраныс жоғары 

 

Ұлттық статистика бюросы жариялаған кедендік статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстанға импортталатынын гүлдердің арасында раушан көш бастап тұр. 2025 жылы көпшілік сүйетін осы гүлдердің 139,8 млн данадан астамы әкелінген. Ақшалай есептегенде оның импорты басқа түрлермен салыстырғанда ең жоғары соманы – 49 млн долларды құрады.

 

Десе де, мамандар Қазақстан гүл импортын азайтқанын алға тартады. Мәселен, 2025 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында елге шамамен 11 мың тонна немесе 168 млрд данадан астам кесілген гүлдер мен гүл қауыздары әкелінді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен  11,2% аз.

 

Ең ірі экспорттаушылар

 

Energyprom.kz-тің жазуынша, Қазақстанға гүлдердің ең ірі жеткізушісі – Эквадор. Былтыр бұл ел 4,6 мың тонна гүл жеткізді. Гүл өнімдерін экспорттаушылар арасында екінші орында Қытай. Жеткізу көлемі бойынша ол гүлдің «отаны» – Нидерландты басып озды. Былтырғы қаңтар-желтоқсан айларында Қытайдан Қазақстанға 2,7 мың тонна гүл әкелінді. Еліміздегі аталмыш тауар импортының құрылымында Қытайдың үлесі бір жылда 8%-дан 21,5%-ға дейін өсті.

 

Кесілген гүлдер мен гүл қауыздарын басқа да ірі экспорттаушылар қатарында Нидерланд (1,7 мың тонна), Колумбия (778 тонна) және Кения (739 тонна) бар.

 

Отандық өндіріс

 

Елімізде гүл импорты көлемінің азаюына отандық өндірістің артуы ықпал етіп отыр. Жергілікті жерде өз гүлдерін өсіру көлемі көбейген. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өткен жылы гүлдердің жалпы жиналымы 42,2 млн дананы құрады – бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға көп. Жалпы, елімізде гүл жинау көлемінің 90%-ы жылыжай өсімдіктеріне тиесілі.

 

Гүл өсіру ісі белсенді дамыған өңір – Алматы облысы, мұнда өткен жылы гүлдердің жалпы жиналымы 32,4 млн данаға жетті. Кезеңдік салыстыру соңғы бірнеше жылда отандық гүл өсіру құрылымы айтарлықтай өзгергенін аңғартады. Кейбір өңірлер (оңтүстік облыстар) өсімдік шаруашылығының бұл саласын белсенді дамыта бастаса, басқалары (солтүстік өңірлер), керісінше, гүлдердің жалпы жиналымын едәуір қысқартқан. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында осы жылдар ішінде гүлдердің жалпы жиналымы шамамен 16 есеге азайған, Ақмола облысында қысқару – 31,1%-ды, Қарағанды облысында 32%-ды құрады. 2019 жылы елдегі барлық гүлдердің шамамен үштен бірін өсірген Павлодар облысында бұл бизнес түрі мүлде тоқтаған.

 

Гүл бағасының шарықтауы

 

Қазақстанның солтүстік өңірлерінде гүл бағасы күрт қымбаттады. Мысалы, былтыр желтоқсанында Павлодар облысында өсімдіктер мен гүлдерге арналған тұтыну бағаларының индексі 119,5%-ды құрады, бұл ретте республика бойынша орташа көрсеткіш 104,4% болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысында да гүл бағасы айтарлықтай (21,2%-ға) өскен. Атырау облысы (22,3%-ға) мен Батыс Қазақстан облысында (22,6%-ға) да баға өсімі байқалады.

Поделиться

Нет комментариев.

03/03/2026 11:48
23 0

Уведомление