«Джим Керри тірі ме?»: актердің ресми өкілі жанкүйерлерге жауап берді
Өткен аптада Франциядағы «Сезар» кино сыйлығына қатысқан америкалық актер Джим Керридің жанкүйерлері желіні шулатты, деп хабарлайды Masa media.
Жанкүйерлер неге сенбейді?
Желі қолданушыларының жазуынша, марапатты алған актердің өзі емес. Ұзақ уақыт бойы көпшілік алдына шықпаған актердің дәл осы сәтте оралуы көпшілікке тосын көрінді. Жанкүйерлердің айтуынша, Париждегі салтанатты шарада Керридің көзі мен бет пішіні, дауыс ырғағы мен өзін ұстауы әдеттегіден мүлдем басқаша болған.

«Бетперде», «Соник» фильмдері арқылы әлемге танылған актер біраз уақыт бұрын кино саласынан кететінін жариялап, шығармашылықтан алыстаған еді. Оны көптен көрмеген көрермен сахнада сөз сөйлеуіне, «қимылсыз» көрінген бет-әлпетіне күдікпен қарады. Желі қолданушыларының бірі актер пластикалық ота жасатқан болуы мүмкін десе, енді бірі оның орнын дублер басқан деген ой айтты. Тіпті «Джим Керри өмірден өтіп кеткен» деген нұсқалар да айтылды. Қызу талқыланған тағы бір нұсқа – сахнаға Керридің орнынан британдық дрэг-артист Алексис Стоунның шыққаны жөніндегі болжам.
Әзірге бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ. Дегенмен, сарапшылар мұндай қауесеттердің жұлдыздардың сырт келбетінің өзгеруіне, жас ерекшелігіне немесе косметикалық процедураларға байланысты жиі туындайтынын айтады.
Ресми мәлімдеме
Желіде қауесет көбейген соң актердің өкілі ресми мәлімдеме жасап, жоғарыда айтылған нұсқаның бәрін жоққа шығарды. Джим Керридің өкілі TNZ басылымына марапаттау рәсіміне актердің өзі қатысқанын, оны ешкім алмастырмағанын жеткізді. «Сезар» сыйлығының бас делегаты Грегори Колие Variety-ге берген сұхбатында Керри туралы қауесеттерді «абсурд» деп атады. Оның айтуынша, актердің бұл шараға қатысуы жазда жоспарланып қойған.
суреттер: Starface
17:29
38
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.