Димаштың Чилидегі кеші алдында 11 жастағы бала қазақстандықтарды таңғалдырды
Димаш Құдайбергеннің Чилидегі алғашқы концерті қарсаңында Сантьяго қаласында екі елдің мәдениетін тоғыстырған ерекше музыкалық жоба таныстырылды.
Қазақстанға құрмет
Чилилік 11 жастағы әнші Максимо Леон Димашқа арнап «Kazajistán, pueblo valiente» («Қазақстан – айбынды халық») атты ұлттық куэканы орындады.
Dimashnews.com сайтының жазуынша, музыкалық туынды Чили Үкіметінің резиденциясы орналасқан Ла-Монеда сарайының алдында орындалды. Жобаның бастамашылары – жас әнші Максимо Леон және «Чили – Қазақстан» достық қоғамының тең директоры Кармен Сандовал болды.
Жоба Чилиде дәстүрлі түрде қыркүйек айында атап өтілетін ұлттық мерекелер – Fiestas Patrias аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жоба авторлары бұл өнер түрін Қазақстанға және DIMENSIONS әлемдік туры аясында Чилиде алғаш рет өнер көрсететін Димаш Құдайбергеннің алдағы сапарына арнады.
Куэка деген не?
Куэка – Чилидің ұлттық биі әрі елдің мәдени кеңістігінде айрықша орын алатын өнер түрі. Жоба авторларының айтуынша, чилиліктер үшін куэка жай ғана би емес. Ол халықтың тарихын, поэзиясын және дәстүрін танытатын мәдени құбылыс ретінде қабылданады. Куэка отбасы мүшелері мен достарды біріктіріп, өзге елдермен достық байланыс орнатудың өзіндік мәдени көпірі қызметін де атқарады.
Кармен Сандовалдың айтуынша, «Kazajistán, pueblo valiente» – өзге мемлекетке толықтай арналған алғашқы куэка екен.
Жоба авторлары Димаштың әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлеріне, соның ішінде қараша айында әншінің концертіне қатысу үшін Сантьягоға арнайы келетін Dears өкілдеріне ерекше үндеу жолдады. Олар ұлттық мәдениеттің басты символдарының бірі саналатын куэка арқылы шетелдік қонақтарды Чилидің дәстүрлерімен таныстырып, сонымен бірге Қазақстанға деген құрметін білдіруді мақсат етті.
Кармен Сандовалдың пікірінше, куэка – чилиліктер қадір тұтып, сүйіп орындайтын ұлттық мәдени мұра. Ол халықтың тарихын, поэзиясын, дәстүрін және рухани беріктігін танытады. Жоба авторы бұл туындыны Қазақстан халқына деген достық ниеттің көрінісі ретінде бағалайды.
19:29
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.