Диабеттен обырға дейін: скрининг 150 мың қазақстандықтың бойынан дерт анықтады
Елімізде 150 мыңға жуық адамнан диабет, жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісік сияқты дерттер алғаш рет анықталды.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан емханаларында 8 миллионнан астам скринингтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 150 мыңға жуық адамнан диабет, жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісік сияқты дерттер және олардың қауіп белгілері алғаш рет анықталды.
Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінше, осы кезеңде 1,74 миллион адам глаукомаға тексерілген. Олардың 4,6 мыңға жуығы дәрігерлердің бақылауына алынды. Енді олардың денсаулығы тұрақты тексеріліп, қажет болған жағдайда ем тағайындалады.
Қант диабетіне 1,66 миллион адам тексеріліп, оның 30,7 мыңы есепке қойылды. Ал гипертония мен жүректің ишемиялық ауруына 1,47 миллион адам скринингтен өтіп, 97 мыңы дәрігер бақылауына алынды.
Ми қан тамырларын тексеруден 281 мың адам өтті. Оның 14,2 мыңы медициналық бақылауға жіберілді.
Қатерлі ісіктерді ерте анықтауға да басымдық берілген. Сүт безі обырына 1,09 миллионнан астам әйел, жатыр мойны обырына 777 мыңнан астам әйел тексерілді. Ал тоқ ішек пен тік ішек обырына арналған скринингтен 1,35 миллион адам өтті. Тексеру нәтижесінде сүт безі обырының 2 037, жатыр мойны обырының 374 және ішек ісіктерінің 601 жағдайы анықталған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кейбір скрининг түрлеріне қатысушылардың саны артқан. Мәселен, глаукоманы анықтау тексеруімен қамту деңгейі 91%-ға жуықтаса, диабет бойынша көрсеткіш 84%-дан асқан. Алайда жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтауға арналған тексерулердің қамту деңгейі 5%-ға төмендеген. Бұған не себеп болғаны хабарланбады.
09:53
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.