COVID-19-дан да қауіпті: Билл Гейтс ЖИ-дің биологиялық қатеріне алаңдаулы
Гейтс қазіргі жасанды интеллект модельдерінің адамзатқа тигізер пайдасы да, зияны да орасан болуы мүмкін айтады.
Жасанды интеллект (ЖИ) COVID-19 пандемиясынан да ауыр зардап әкелетін індеттің таралуына себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Microsoft компаниясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс 4 қарашада өткен Future of AI Summit жиынында мәлімдеді.
Oninvest басылымының жазуынша, Гейтс қазіргі жасанды интеллект модельдерінің адамзатқа тигізер пайдасы да, зияны да орасан болуы мүмкін екенін айтқан. Ол ең алдымен қаскөйлердің ЖИ көмегімен биологиялық қару жасауына немесе цифрлық инфрақұрылымға кибершабуыл ұйымдастыруына алаңдайды.
Қауіптің күшеюіне ашық қолданыстағы кейбір ЖИ модельдерінің қорғаныс тетіктері мен бақылау жүйелерін өшіріп тастауға болатыны да себеп. Гейтстің пікірінше, жасанды интеллект араласқан биологиялық апаттың зардабы коронавирус пандемиясынан да әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Еске салайық, 2020–2021 жылдары COVID-19 салдарынан шамамен 15 миллион адам қайтыс болған.
Гейтс ЖИ саласының өзін-өзі реттеуіне сенбейді. Оның пікірінше, бұл мәселені компаниялардың өзара келісімімен шешу мүмкін емес.
«Мәселеге бірнеше компания араласқан сәтте оны шешудің жалғыз жолы - мемлекеттік деңгейде қарастыру», - деді америкалық миллиардер.
Алайда Гейтстің пайымдауынша, ЖИ-ді халықаралық деңгейде реттеуге бағытталған әрекеттерге Ақ үйдің әрекетсіздігі кедергі келтіріп отыр.
«АҚШ қатыспаса, мұндай бастамаларды жүзеге асырудың мәні шамалы. Сондықтан біз белгілі бір тығырыққа тірелдік... АҚШ өз ұстанымын өзгертуі үшін тағы қанша келеңсіз жағдай болуы керек деген сұрақ қана қалды», - деді Microsoft компаниясының негізін қалаушы.
09:29
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.