Бумерлер мен зумерлер: Қазақстанда аға буын мен жастардың жалақы айырмасы қандай

Елімізде бір мамандық иелерінің еңбекақысы жынысына, жасына және тұрғылықты өңіріне қарай айтарлықтай өзгереді.


04/11/2026
11:29 0

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда негізгі кәсіптер арасында ең жоғары жалақыны ұйым басшылары алады. Олардың орташа айлығы – 1 101 149 теңге. Ер басшылар 1 205 726 теңге алса, әйел басшылардың жалақысы 975 239 теңге. Айырмашылық 230 мың теңгеден асады.

 

Бөлім басшылары орта есеппен 715 233 теңге, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженерлер 645 015 теңге, компьютерлік желілер бойынша IT-техниктер 594 694 теңге алады.

 

Ең төмен жалақы күзетшілерде – 174 226 теңге. Хатшылардың айлығы – 198 899 теңге, тазалықшылардікі – 201 738 теңге, ал қосалқы жұмысшылар 217 448 теңге алады. Аспаздардың орташа жалақысы – 192 626 теңге, даяшылардікі – 223 510 теңге.

 

Дәрігерлер айына орта есеппен 491 385 теңге, медбикелер 264 636 теңге, фельдшерлер 313 637 теңге алады. Орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері 415 042 теңге, тәрбиешілер 271 309 теңге, жоғары оқу орындарының оқытушылары 467 729 теңге жалақы алады. Ал троллейбус пен трамвай жүргізушілерінің орташа айлығы дәрігерлер мен мұғалімдерден де жоғары – 600 628 теңге. Жеңіл көлік жүргізушілері орта есеппен 328 147 теңге табады.

 

Кейбір мамандықтарда әйелдер ерлерге қарағанда көбірек жалақы алады. Мәселен, әйел заңгер-кеңесшілердің орташа айлығы 444 454 теңге болса, ерлердікі – 381 257 теңге. Әйел жабдықтау агенттері 472 248 теңге, ерлер 419 054 теңге алады. Бухгалтер әйелдердің жалақысы 399 703 теңге, ерлердікі 389 066 теңге. Тазалықшы әйелдер орта есеппен 202 082 теңге алса, ерлер 193 142 теңге алады.

 

Бір сағаттық еңбекақыдағы ең үлкен алшақтық қаржы саласында байқалады. Бұл салада ерлер сағатына 6 800 теңге алса, әйелдердің табысы 5 145 теңге.

 

Бір мамандық бойынша жалақы өңірлерге қарай айтарлықтай өзгереді. Мысалы, Атырау облысында агрономдар орта есеппен 1 805 251 теңге алса, Жетісу облысында бұл көрсеткіш небәрі 203 600 теңге. Шығыс Қазақстан облысында балықшылардың жалақысы 500 мың теңгеге жетсе, Ақмола облысында 85 мың теңге шамасында. Алматыда ұйым басшылары орта есеппен 1 775 308 теңге алса, Жетісу облысында олардың жалақысы 626 926 теңге.

 

Жас ерекшелігіне келсек, ең жоғары сағаттық табыс 35-44 жас аралығындағы азаматтарда – 2 773 теңге. 16-24 жастағылар сағатына 1 757 теңге, ал 65 жастан асқандар 1 947 теңге алады.

 

фото: ЖИ/masa.media

Поделиться

Нет комментариев.

04/11/2026 11:29
0

Уведомление