Бұрынғы әйелін қорлаған актер 2 жыл 3 айға сотталды
Алматы облысының Қарасай аудандық соты актер әрі шоумен Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты үкім шығарды. Сот оны бұрынғы әйелін қорлап, оған жала жапқаны үшін 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.
Істің мән-жайы
Алматы облысының Қарасай аудандық соты кибербуллингке қатысты іс бойынша үкім шығарды. Жақсыген ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы, соның ішінде 115-1-бап және 274-баптың 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, қауіпсіздігі орташа мекемеде 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.
Танымал блогер сот залында қамауға алынды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы БАҚ-та өнер көрсетуге және әлеуметтік желі жүргізуге тыйым салынды. Ол бұрынғы әйелі Фариза Сабырәлиеваға 5 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Жәбірленуші, актердің экс-әйелі Фариза Алмасқызы әлеуметтік желідегі парақшасында ажырасқаннан кейін агрессивті түрде қудалауға тап болғанын баяндаған еді. Оның айтуынша, желіде актердің аты-жөні мен фотосы қолданылған аккаунттардан әйел туралы ар-намысына тиетін жалған ақпарат тараған. Онда оның боди-массаж жасайтыны және интим қызмет көрсететіні жазылған.
Мұнымен қоймай, Жақсыген бұрынғы әйеліне тұрмыстық сипаттағы ауыр қорлаулар жазылған хабарламалар жолдаған.
«Ең бастысы – сенің пәктігіңді мен алдым», «Сен әркімнің шүберегісің», «Сенен ешқандай пайда жоқ», «Қазір заң сатылып жатыр, айналайын», – делінген жарияланған скриншоттарында.
Актер өз дейін кінәсін мойындамады. Кейін БАҚ өкілдеріне жабық өткен сот отырыстарында актер телефоны мен әлеуметтік желідегі парақшалары бұзылғанын, ал боди-массаж бен интим қызмет туралы ақпаратты жалған аккаунттар таратқанын айтты.
Прокурор 3 жыл жаза сұрады
Мемлекеттік айыптаушы Нұрбол Омарбаев актерді үш жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот 2 жыл 3 ай жаза кесті.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы сот шешімін алғыспен қабылдап, істің соңына дейін жеткізілгенін және кибербуллинг құрбанының қорғалғанын атап өтті.
– Осы жағдайға бейжай қарамай, Фаризаны қолдап, әділдік орнауына атсалысқан барша Қазақстан халқына шын жүректен алғыс айтамын! Қоғамның қолдауы мен бейжай қалмаған әр азаматтың дауысының арқасында Фариза өзін жалғыз сезінген жоқ. Енді Фариза бұл ауыр кезеңді артқа тастап, жан тыныштығын тауып, өз өмірімен айналысып, балаларын алаңсыз тәрбиелеуге көңіл бөледі деп үміттенемін, – деді жәбірленушінің адвокаты.
фото: әлеуметтік желіден
15:06
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.