Бойы 150 см-ден төмен: Қазақстанда кімдерге көлік жүргізуге болмайды
Қазақстанда денсаулығына байланысты көлік құралын басқару құқығы жоқ 54 мыңнан астам адамның көлік айдағаны анықталды. Азаматтар заңды білмей ме, әлде біле тұра белшеден баса ма?
Талдау нәтижесі
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы диспансерлік есепте тұрған 369 888 адамға талдау жүргізілді. Анықталғандай, олардың 273 819-ына бұрын жүргізуші куәлігі берілмеген. 41 677 азаматтың жүргізуші куәлігі деректер түскен сәтте-ақ жарамсыз болған (күші жойылған). Ал 54 392 азаматтың жүргізуші куәлігі қолданыста болған.
2025 жылдың 10 желтоқсанындағы жағдай бойынша сот органдарына 4 540 талап-арыз жіберіліп, оларды қарау нәтижесінде 1 787 жүргізуші куәлігінің күші жойылған. Аталған азаматтардың медициналық қарсы көрсетілімдеріне байланысты көлік құралын басқаруға құқығы болмаған.
Қандай дертке шалдыққандар көлік жүргізе алмайды?
2014 жылғы 17 сәуірде қабылданған «Жол жүрісі туралы» заңда көлік жүргізуге тыйым салынатын медициналық қарсы көрсетілімдер нақты көрсетілген.
Абсолютті қарсы көрсетілімдер:
· айқын белгілері бар созылмалы психикалық аурулар (шизофрения, жындысандырушылық бұзылыстар);
· ауыр аффективті бұзылыстар (терең депрессия, биполярлық бұзылыс);
· тұлғалық бұзылыстар (мысалы, антиәлеуметтік мінез-құлық);
· ақыл-ой кемістігі;
· нашақорлық пен маскүнемдік (егер ремиссия 2 жылдан аз болса);
· эпилепсия;
· ахроматопсия (түсті ажырата алмау);
· екі көздің толық соқырлығы.
Салыстырмалы қарсы көрсетілімдер көлік түріне байланысты белгіленеді. Мысалы, қолмен басқарылатын немесе автоматты беріліс қорабы бар көліктерді жүргізуге аяқ-қолдың ампутациясы, айқын деформациялар, салдану, көру немесе есту қабілетінің төмендеуі кезінде шектеу қойылады. Кей жағдайларда көруді немесе естуді түзету құралдарын қолдануға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ көлік санатына қарай талаптар күшейеді. «B» санатында көру өткірлігі, вестибулярлық аппараттың жағдайы ескеріледі. Ал «C», «D» және қоғамдық көлік санаттарында көру, есту, жүйке жүйесі, аяқ-қолдың жағдайына қойылатын талаптар қатаң. Бұл санаттарда бір көздің соқырлығы, ауыр неврологиялық бұзылыстар немесе бойының 150 см-ден төмен болуы жүргізуге тыйым салуға негіз болады.
Қатаң талап не үшін керек?
Мамандардың айтуынша, бұл талаптар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізуші мен өзге қатысушылардың өмірін қорғау мақсатында енгізілген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, эпилепсиямен ауыратын адамдардың шамамен 30%-ында ұстамалар дәрі-дәрмек арқылы толық бақыланбайды. Мұндай науқастар көлік жүргізген жағдайда тек өзіне ғана емес, айналасындағы адамдарға да тікелей қауіп төндіреді.
Құқықтық жауапкершілік
Егер азамат денсаулық жағдайын жасырып немесе жалған анықтама арқылы жүргізуші куәлігін алса, бұл қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. ҚР ҚК-нің 345-бабына сәйкес, көлік құралын басқарып, абайсызда адам өліміне себепші болғандарға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қыршын қиылған өмірлер
Елімізде дертін жасырудың салдарынан өзгелердің өліміне себепкер болған жүргізушілер аз емес. Мәселен, былтыр Абай облысында төрт баланың өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша сот үкімі шыққан еді. 2025 жылғы 19 тамызда 55 жастағы жүргізушінің көлік басқару кезінде эпилепсия ұстамасы ұстап, рөлге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан ауыр жол апаты болған. Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Өткен жылы Астанада да осыған ұқсас оқиға болды. «Эпилепсия G40» диагнозы бар жүргізуші рөлде отырған кезде ауруы ұстап қалып, екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Анықталғандай, ол 2021 жылдан бері диспансерлік есепте тұрған. Заң бұзушы ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
15:43
118
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.