Биыл оңтүстік өңірлер құрғақшылық зардабын тартуы мүмкін
Биыл алдағы вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне келетін су көлемі азаюы мүмкін, деп хабарлайды Masa Media.
Министрдің болжамы
Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Оның айтуынша, су жағдайының нашарлауына климаттың өзгеруі, сондай-ақ трансшекаралық өзен бассейндеріндегі су қорының кемуі әсер етіп отыр.
– Сарапшылардың болжамына сәйкес, алдағы вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі өзен бассейндеріне келетін су көлемінің қысқаруы күтіледі, – деді Нұржан Нұржігітов.
Министр қазірдің өзінде су қоймаларының толу деңгейі айтарлықтай төмен деңгейде екенін атап өтті. Сырдария өзенінің жоғары ағысында, іргелес мемлекеттердің аумағында су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,2 млрд текше метрге аз. Ал Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тапшылық 2026 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша 1,9 млрд текше метрді құрап отыр.
Мәселе қалай шешіледі?
Ведомство басшысы қазіргі қауіп-қатерлердің ұзақ мерзімді сипатқа ие екенін айтты.
– Бұл күзгі-қысқы жауын-шашынның азаюы, мұздықтардан келетін ағынның қысқаруы және климаттық өзгерістердің жалпы әсерінен туындаған объективті шындық, – деп атап өтті ол.
Қалыптасқан жағдайға байланысты өңірлерде суару арналары мен гидротехникалық нысандарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аграршылармен кездесулер өтіп, су үнемдеу шаралары мен ылғалды көп қажет етпейтін ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу мәселелері талқылануда.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы ақпанда су келуінің ең қолайсыз сценариі негізінде су пайдаланудың нақтыланған лимиттерін дайындау жоспарланып отыр. Ал наурыз айында Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары тапшылығы күтілуіне байланысты егіс алқаптарының құрылымын қайта қарамақ.
13:21
33
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.