Биыл Қазақстанда тарихтағы ең жылы қыркүйек тіркелді
Елімізде 2026 жылғы қыркүйек ауа райын бақылау тарихындағы ең жылы ай болды.
«Қазгидрометтің» хабарлауынша, қыркүйекте ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 2,38°C жоғары болды.
«Бұл – көпжылдық бақылаулар қатарындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін ауаның орташа айлық температурасының ең жоғары мәні 1957 жылғы қыркүйекте тіркелген», – делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Қыркүйек айында Қазақстанның барлық өңірінде ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан жоғары болды.
Синоптиктердің дерегінше, ел аумағының басым бөлігінде температураның ауытқуы 1,5–3°C аралығында болған.
- Ең жоғары ауытқу – 3–4,1°C. Мұндай көрсеткіштер негізінен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында, Ақтөбе облысы мен Ұлытау облысының орталық бөліктерінде, Қарағанды облысы мен Абай облысының солтүстік аудандарында байқалған.
- Ең үлкен ауытқу Петропавлда тіркелді. Солтүстік Қазақстан облысындағы метеостанцияда ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 4,1°C жоғары болған.
Елдің негізінен солтүстік, батыс, орталық және оңтүстік өңірлерінде орналасқан метеостанциялардың 67,5 пайызында ауаның орташа айлық температурасы аса жоғары деңгейге жеткен. Бұл көрсеткіштер бақылау жүргізілген бүкіл кезеңдегі ең жоғары мәндердің 5 пайызына кірген. Олардың климаттық нормадан аспау ықтималдығы 95–100 пайызды құраған.
Қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын тапшылығы байқалды. Елдің солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық, оңтүстік және шығыс өңірлерінің едәуір бөлігінде, сондай-ақ батыстағы жекелеген аудандарда жауын-шашын мөлшері климаттық норманың 30 пайызына да жетпеген. Кей жерлерде бұл көрсеткіш 10 пайыздан төмен болған.
Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды және Алматы облыстарындағы, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарындағы 23 метеостанцияда жауын-шашын мүлде тіркелмеген.
11:42
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.