«Бітпейтін реформалар күйзеліске салады»: қазақстандықтар ҰБТ өзгерістеріне наразы

Қазақстандықтар Threads әлеуметтік желісінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) тағы да өзгеретініне наразылық білдірді.


16/10/2026
11:07 0

Желіде қызу талқыланған жазба авторының айтуынша, оқушылар мен талапкерлер қолданыстағы жүйеге бейімделіп үлгермей жатып, жаңа талаптар енгізіледі.

 

Оның пікірінше, білім беру жүйесіндегі өзгерістердің толассыз жүруі оқушыларды үнемі күйзеліс пен белгісіздік жағдайында ұстайды. Ережелер жыл сайын өзгеретіндіктен, мектеп оқушылары тестілеуге тыңғылықты дайындалып үлгермейді.

«Ақырында балалар мен ата-аналар білімнің орнына қажу, алаңдаушылық пен қаржылық тығырыққа тіреледі», – деп жазды автор.

 Жазбаға пікір білдіргендер де талаптардың жиі өзгеретініне түсінбей, оқушылардың бәріне қалай үлгеретінін сұрады. Сондай-ақ тестілеуге дайындалу үшін тым көп күш пен қаражат жұмсауға тура келетінін атап өтті.

 

«Бәріне қалай үлгеруіміз керек? Қазіргі ҰБТ-ның өзі орасан зор күйзеліске түсіріп отыр ғой», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

 

 

«Оған қоса, курстарға да көбірек ақша жұмсауымыз керек. Өйткені мектепте мұндай дүниелерді үйретпейді», – деп толықтырды тағы бір қолданушы.

 

Кейбір желі қолданушылары ҰБТ-ның қайта-қайта өзгеруі оқушыларға ғана емес, олардың ата-аналарына да салмақ түсіретінін айтты.

 «Әр министр өзіне бір жаңа идея тауып алуға тырысады. Соның кесірінен білім беру жүйесі ақсап тұр. Оқушылар да, ата-аналар да күйзеліске түсіп жүр», – деп наразылық білдірді желі қолданушысы.

 

Еске салайық, жаңартылған ҰБТ-ға (Admission Insight Test, AIT) сыни ойлау, коммуникация дағдылары және жасанды интеллект сауаттылығын бағалайтын тапсырмалар енгізіледі. Тест екі бөлімнен тұрады.

 

Пәндік тесттер. 14 бейіндік пән бойынша тапсырмалар беріледі. Олар мемлекеттік стандартқа сай жаңартылады. Бұл ретте ақпаратты жай жаттап, қайталаудан гөрі, оқу материалын терең түсінуге басымдық беріледі.

 

Дағдыларды бағалау тесті. Бес модульден тұрады. Олар академиялық жазу, зерттеу дағдылары, сандық және цифрлық сауаттылық, сондай-ақ креативті және дизайндық ойлау қабілеттерін бағалауға бағытталған.

 

2026 жылғы сәуірде Ұлттық тестілеу орталығы мен ETS ұйымы шамамен 4 мың респонденттің қатысуымен зерттеу жүргізді. Астанада сегіз фокус-топ отырысы мен төрт тереңдетілген талқылау ұйымдастырылды. Жаңа тесті әзірлеуге университеттер, оқытушылар және білім беру жүйесінің басқа да өкілдері тартылып жатыр.

 

Келесі кезеңде AIT сынақтан өткізіледі. Оны 2027 жылдың көктемінде пилоттық режимде іске қосу жоспарланған.

Поделиться

Нет комментариев.

16/10/2026 11:07
0

Уведомление