Біреуі – кәмелетке толмаған бала: Алматыда алапат өрттен бес адам қаза тапты
Алматының Бостандық ауданында 26 қарашаға қараған түні жеке үйден өрт шығып, бес адам қаза тапты. Олардың арасында кәмелетке толмаған бала бар.
Өрт туралы әлеуметтік желілерде түнде-ақ жазыла бастаған. Оқиға куәгерлері айқайлаған адамдардың дауысын естігенін айтады.
«Алматыда Rams City тұрғын үй кешенінің қарсы бетінде шамамен 15 минут бұрын өрт шықты. Адамдар қатты айқайлады», – деп жазған тұрғындардың бірі.
Өрт туралы хабар 112 пультіне сағат 03:44-те түскен. Өрт сөндірушілер төрт минуттан кейін оқиға орнына жеткен. Олар келген кезде үйді жалын шарпып үлгерген. Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілген.
Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу жағдайы анықталуда», – деп мәлімдеді полиция.
09:18
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.