Бір жылда 570 іс: Қазақстанда сталкингке ұшырағандарды қорғау күшейтіле ме
Қазақстанда адамды аңду мен мазалаудан зардап шеккендерді қорғау тетіктерін күшейту ұсынылды.
Жыл басынан бері Қазақстанда сталкинг дерегі бойынша 570 қылмыстық іс тіркелген. Оның 193-і сотқа жолданған. Бұл деректерді Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған депутаттық сауалында келтірді.
Адамды заңсыз аңдығаны үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылы енгізілген. Қолданыстағы заң бойынша мұндай әрекетке барған адам ең көбі 50 тәулікке қамалуы мүмкін. Алайда жәбірленушіні қудалау бірнеше айға созылуы ықтимал.
Депутаттың пікірінше, әсіресе құқық қорғау органдары араласқаннан кейін де қудалау тоқтамаса, жәбірленушінің қауіпсіздігіне төнетін қатер күшейе түседі. Сондықтан мәселені тек жазаны қатайтумен шешу жеткіліксіз. Зардап шеккендерді қорғаудың пәрменді жолдарын қарастырып, қудалаудың алдын алу мен оны дер кезінде тоқтататын кешенді шаралар қабылдау қажет.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне сталкинг туралы арыздардың тіркелмей қалу және тергелмеу себептерін анықтау ұсынылды. Бұған қоса, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалған қудалау жөніндегі шағымдар түскенде полиция қызметкерлері қалай әрекет етуі керегін реттейтін бірыңғай тәртіп әзірлеу қажеттігі айтылды.
13:04
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.