Бір жылда 116 мың неке: қазақстандықтар қай жаста шаңырақ көтереді
Былтыр Қазақстанда тұрмыс құрған әрбір екінші қалыңдық 25 жасқа толмаған.
Ұлттық статистика бюросының «Қазақстандағы әйелдер мен ерлер» атты жинағында келтірілген дерекке сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда 116 мың неке тіркелген. Қалыңдықтардың жартысынан астамы (53%) 25 жасқа толмаған. Ең көп үлес 20–24 жас аралығындағы қыздарға тиесілі: бұл санатта 46 мың қалыңдық бар.
Ал 25 жасқа толмаған күйеу жігіттердің үлесі – 32%. Олардың басым бөлігі отбасын алғаш рет құрған. Атап айтқанда, осы жас тобындағы қалыңдықтардың 97 пайызы, күйеу жігіттердің 98 пайызы бұрын некеде болмаған.
Жас ұлғайған сайын алғашқы некеге тұратындардың үлесі азаяды. 30–34 жастағы қалыңдықтардың жартысынан сәл астамы ғана алғаш рет тұрмысқа шыққан. Ал 35–39 жас аралығындағылардың басым бөлігі бұрын некеде болған. Бұл санаттағы 9 мың қалыңдықтың 5,4 мыңы (59%) екінші рет немесе одан кейінгі рет тұрмысқа шыққан. Осы жастағы күйеу жігіттердің арасында да бұрын некеде болғандар көп: олардың үлесі – 52%. Жалпы, 35 жастан асқан әйелдер мен ерлердің оннан алтауы отбасын қайта құрған.
Қайта некеге тұратындардың саны айтарлықтай өзгермеген: 2021 жылы 25 мың болса, 2025 жылы 26 мыңға жеткен. Алайда алғаш рет тұрмысқа шығатын әйелдердің саны бестен біріне қысқарған. 2021 жылы олардың саны 116 мың болса, 2025 жылы 90 мыңға дейін азайған. Соның салдарынан төрт жылда тіркелген некелердің жалпы саны 17 пайызға кеміген.
Бұл көрсеткішке ажырасулардың да әсері бар. 2025 жылы Қазақстанда 46 мың жұп ажырасқан. Яғни әрбір 100 некеге шаққанда 39 ажырасудан келеді.
16:06
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.